Шынайы фото қалай жалған ақпарат құралына айналады — сарапшы түсіндірді

Коллаж: NoFake.kz
Жалған ақпарат әрдайым ЖИ жасаған контент емес. Шынайы фото не видеоның уақыты мен орны өзгертілсе, оның мағынасы бұрмаланады. Бұл туралы NoFake.kz редакциясына беделді басқару жөніндегі сарапшы, SteppeUp стратегиялық коммуникациялар агенттігінің PR-директоры Фатима Қосаева айтып берді.
Сарапшының айтуынша, мұндай тәсілдің қауіптілігі де осында: адам кадрдың шынайылығына көз жеткізгенімен, оның айналасында жасалған жалған контексті байқамай қалуы мүмкін. Мұндай айлалар көбіне геолокация мен уақытқа қатысты жалған байланыс орнату арқылы іске асырылатынын айтады медиа сарапшы.
«Мысалы, бір өңірде түсірілген немесе бірнеше жыл бұрынғы наразылық акциялары, табиғи апаттар кезіндегі кадрлар әлемнің басқа жерінде дәл қазір болып жатқан оқиға ретінде ұсынылады», — дейді маман.
Сондай-ақ кадрды қиып, белгілі бір бөліктерін алып тастау тәсілі кеңінен қолданатынын айтады.
«Яғни видеодағы оқиғаның нақты орны немесе уақытын көрсететін белгілер әдейі жойылады. Мысалы, шетел тіліндегі маңдайшалар, көлік нөмірлері, ғимараттардың танымал элементтері немесе видеоны жариялаған телеарнаның логотиптері кадрдан қиылып тасталуы мүмкін», — дейді Фатима Қосаева.
Маман адамдардың ақпаратты қабылдауына әсер ететін, алаңдататын музыка, айқай, жарылыс дыбыстары немесе өзін «куәгер» ретінде таныстыратын адамның дауысы да қатты әсер ететінін алға тартады.
«Әрине, видеоның үстіне кликбейт тақырыптар мен эмоциялық жазбалар («Шұғыл!», «Сұмдық!», «Шок!») да қосылады. Осылайша адам кадрдың өзін талдап үлгермей тұрып, оған дайын интерпретация ұсынылады», — дейді ол.
Ескі фото мен видеоларды кім және не үшін өзгертіп таратады?
Мұндай контент аудиторияның эмоциясына әсер етіп, мысалы, қорқыныш, ашу немесе алаңдаушылық туғызу үшін қолданылуы мүмкін екенін айтады коммуникациялар маманы.
«Мұндай өңделген видеолардың негізгі мақсаты – ең алдымен аудиторияда күшті эмоция тудыру. Бұл – манипуляция жасаудың арзан әрі жылдам құралы. Қорқыныш, ашу, алаңдаушылық, аяушылық сияқты күшті эмоциялар адамның сыни ойлау қабілетін төмендетеді. Адам шок жағдайында ақпаратты бірден қабылдап, оны жақындарына ескерту немесе өз наразылығын білдіру үшін бөліскісі келеді», — дейді маман.
Дегенмен маман кей жағдайда әлеуметтік желідегі авторлар мұндай тәсілдерді қаралым мен жазылушылар санын жылдам арттыру, кейін жарнама сату үшін де пайдаланатынын айтады.
Ал адамдар неліктен мұндай контентке сеніп, фото немесе видеоның қашан және қай жерде түсірілгенін тексерместен таратуға бейім? деген сауалға маман адамның физиологиялық ерекшеліктерімен байланысты жауап берді.
«Адамның миы эволюциялық тұрғыдан көру арқылы қабылданған ақпаратқа сенуге бейім. Егер фотода шынайы өрт немесе қираған ғимарат көрінсе, оның астындағы мәтіннің бұл оқиғаға еш қатысы болмаса да, сана оны факт ретінде қабылдауы мүмкін. Әлеуметтік психологияда «растау бейімділігі» деген ұғым бар. Бұл – адамның өз көзқарасы немесе қорқынышын растайтын ақпаратқа саналы түрде емес, бейсаналы түрде көбірек сенуге бейімділігі»,- деді ол.
Кейде адамдар мұндай «өңделген» визуалды ақпаратты жаман ниетпен емес, керісінше, жақсы ниетпен таратуы мүмкін дейді Фатима Қосаева. Олар видеоны шынайы деп ойлап, жақындарына ескерту немесе көмектесу үшін бөлісуге асығады.
«Бұл әсіресе төтенше жағдай кезінде, тексерілген ақпарат жетіспеген кезде жиі болады. Белгісіздік жағдайында адамның алаңдаушылығы күшейеді. Сондықтан ол «маңызды» ақпаратты мүмкіндігінше тез жақындарымен бөлісуге тырысып, фейктің бейсаналы таратушысына айналады», — деп жауап берді сарапшы.
Қарапайым қолданушы фото немесе видеоның ескі екенін қалай біле алады?
«Кез келген манипуляцияның негізінде аудиторияны эмоцияға жетелеу әрекеті жатыр. Егер видео немесе фото «Шок!», «Максималды түрде таратыңыз!», «Мұны әркім көруі керек!» деген сияқты айқайлаған жазбалармен бірге жарияланса, бұл – логикалық ойлауды қосуға себеп», — дейді маман.
Мұндайда нені тексеру керек?
Маман видеоның айтылған маусымға сәйкестігіне мән беру керектігін айтады. Мәселен, видеодағы адамдардың киімі мен ауа райы оқиға болып жатыр делінген өңірдегі қазіргі жағдайға сәйкес келе ме? Маңдайшалар мен жарнамалардағы тілге, жол белгілеріне, көлік нөмірлеріне, төтенше жағдай қызметкерлерінің киіміне назар аудару арқылы көп нәрсені байқауға болатынын айтады сарапшы.
«Бірнеше жыл бұрын Қазақстанның Instagram сегментінде бір видео тараған еді. Онда байлығы асқан қазақ олигархының ақшаны неге жұмсайтынына мысал ретінде өте қымбат, кілемдермен, алтын түсті жиһазбен безендірілген трейлер-пәтер көрсетілген. Алайда бір сәтте кадрға араб киіміндегі адам мен нөмірі Қазақстанға тиесілі емес джип түсіп қалған. Кейін бұл трейлердің шейхтардың біріне тиесілі екені және видеоны Біріккен Араб Әмірліктерінде түсіргені анықталған»,- деп мысал келтірді ол.
Маман видеоның сапасы өте төмен, қатты бұлыңғыр болса, кадрдың шеттері қиылған немесе кейбір бөліктері әдейі жабылған болса, бұл да күмәндануға себеп екенін айтады.Сарапшы бейне немесе фотоның түпнұсқалығын кері іздеу функциясы арқылы қалай анықтауға болатынын да айтып берді.
«Визуалды материалдың түпнұсқалығын және шынайылығын қалай тексеруге болады? Мысалы, Google Images арқылы сурет бойынша кері іздеу жасауға болады. Ол үшін фотоны сақтап немесе видеодан анық кадрдың скриншотын жасап, осы құралға жүктеу қажет. Іздеу нәтижелері бұл кадрдың интернетте алғаш қашан пайда болғанын анықтауға көмектеседі. Егер жасанды интеллект құралдарын пайдалансаңыз, одан фото немесе видеоның бастапқы дереккөзін табуды сұрауға болады», — деді ол.
Бірақ мұнда да ескеретін бір жайт бар.
«Кейде ЖИ интернетке үстірт шолу жасап, әлеуметтік желілердегі ақпаратқа сүйеніп, материалдың шынайылығын растап қоюы мүмкін. Сондықтан ЖИ-ден қайта тексеруді және бастапқы дереккөзді нақты табуды сұраған жөн. Егер уақыт болса, бастапқы дереккөзді өзіңіз де іздей аласыз. Егер ақпаратты ресми органдар немесе беделді БАҚ жариялаған болса, оқиғаның шынайы болу ықтималдығы жоғары. Ал фото немесе видео тек әлеуметтік желілерде ғана таралып жатса, жағдайдың бәрі сіз ойлағандай болмауы мүмкін», — деп атап өтті сарапшы.
Айта кетейік, бұған дейін «Неге біз фейкке тез сенеміз және манипуляцияға қалай еріп кетеміз?» деген сауалға сарапшылармен жауап бердік.


