NoFake

Шымкентте «Coca-Cola» атын жамылған жалған өнімдер анықталды

Иллюстрация: freepik.com

Шымкентте қала базарларында жоспардан тыс тексеру нәтижесінде «Coca-Cola» брендімен қолдан жасалған өнімдерді сату фактілері анықталды, деп хабарлайды Nofake.kz.

Шымкент қаласының әділет департаменті «The Coca-Cola Company» компаниясының ресми өтінішінің негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізді. Бұл ретте, компания өкілдері құқықтарының бұзылғанын және қала сөрелерінде шығу тегі күмәнді өнімдердің пайда болғанын мәлімдеген.

«Қала базарларының аумағында жүргізілген жоспардан тыс тексерулер барысында контрафактілік салқындатқыш сусындардың ірі партиясын сату фактісі расталды. Өнімдерде қолдан жасау белгілері, таңбалау стандарттарының бұзылуы және құқық иеленушінің тиісті рұқсат құжаттарының болмауы анықталды», — делінген хабарламада.

Қазіргі таңда, анықталған фактілер бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 158-бабы (Бөтеннің тауар таңбасын, қызмет көрсету таңбасын, тауар шығарылған жердің атауын немесе біртекті тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер үшін соларға ұқсас белгілерді заңсыз пайдалану) бойынша әкімшілік іс қозғалған. Сондай-ақ іс материалдары сотқа жолданғаны белгілі болды.

«Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау — басым міндет. Контрафактілік өнім құқық иеленушілерге экономикалық нұқсан келтіріп қана қоймай, сонымен қатар санитарлық нормаларды сақтамай өндірілетіндіктен, тұтынушылардың денсаулығына да қауіп төндіретінін ескертеді», — делінген хабарламада.

Осыған орай, Шымкент қаласының Әділет департаменті кәсіпкерлерге контрафактілік тауарларды сатқаны үшін жауапкершілік бар екенін және мұндай тексеру іс-шаралары жүйелі түрде жалғасатынын хабарлайды.

Оқу үшін