NoFake

Азаматтарды фейкті тануға үйрететін бағдарламалар қажет — Вице-министр

Фото: media.az ©Arman Mukhatov

Әзербайжанның Шуша қаласында өтіп жатқан IV Жаһандық медиа форумда Мәдениет және ақпарат министрінің бірінші орынбасары Қанат Ысқақов дезинформациямен күрестің негізгі тетіктері туралы айтты. Бұл туралы Media.az басылымы хабарлады.

Оның сөзінше, қоғамдық пікірді манипуляциялауға қарсы ортақ шешімдерді халықаралық алаңдарда бірге әзірлеу қажет.

«Ақпараттық кеңістіктегі өзара байланыс дезинформациямен жеке-дара күресудің мүмкін емес екенін көрсетеді. Бұл жерде бірлескен күш-жігер қажет. Осындай стратегиялық платформаларда, көпжақты ынтымақтастық аясында ғана нәтижеге қол жеткізе аламыз», – деді ол.

Қанат Ысқақов дезинформация мәселесінің бұрыннан бар екенін және болашақта да өзектілігін жоғалтпайтынын атап өтті.

«Мемлекеттік органдар мен медиа ұйымдары азаматтық қоғам және білім беру мекемелерімен бірлесіп, азаматтардың ақпаратты сыни тұрғыдан бағалауына және фейктерді ажырата білуіне көмектесетін түрлі бағдарламаларды тұрақты түрде әзірлеуі қажет», – деді министрдің бірінші орынбасары.

Айта кетейік, IV Шуша жаһандық медиа форумы биыл «Бейбітшілікті ілгерілетудегі медианың миссиясы: ақиқатты қалпына келтіру және сенімді қайта орнықтыру» тақырыбымен өтіп жатыр. Форум жұмысына Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев те қатысып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Жиын әлемнің 53 елінен келген 160-қа жуық медиа маманы мен сарапшының басын қосты. Күн тәртібінде дезинформацияға қарсы күрес, медиасауаттылық, цифрлық платформалардың жауапкершілігі және жасанды интеллект дәуіріндегі журналистика мәселелері қаралды.

Оқу үшін