Сенімге кіріп, несие рәсімдеген: ШҚО-да жаңа алаяқтық схемасы әшкереленді

Фото: depositphotos
Шығыс Қазақстан облысының Алтай қаласында танысының сеніміне кіріп, оның атына заңсыз несие рәсімдеген күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды.
ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, Алтай қаласы полиция бөлімінің кезекші бөліміне алаяқтықтың құрбаны болған жергілікті тұрғын арызданған. «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полицейлер күдіктінің жәбірленушінің танысы екенін анықтаған.
«Күдікті жәбірленушіден ұялы телефонын уақытша пайдалану үшін сұрап алып, банк қосымшасына кірген. Кейін оның атына тауарлық несие рәсімдеп, шамамен 400 мың теңгеге ойын консолін сатып алған. Тауарды жеткізу мекенжайы ретінде өзінің тұрғылықты жерін көрсеткен.Жәбірленуші заңсыз рәсімделген несие туралы банк жіберген берешек жөніндегі хабарламадан кейін ғана білген»,- деп хабарлады полиция.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция азаматтарды жеке деректерін, банк қосымшалары мен мобильді құрылғыларын бөгде адамдарға, тіпті таныстары мен әріптестеріне де сеніп бермеуге шақырды.


