Сарбаздардың оқу-жаттығуындағы суып қалған түскі ас: Қорғаныс министрлігі мән-жайды түсіндірді

Скриншот: Instagram/jagdaikz
Әлеуметтік желіде СҚО-дағы сарбаздардың кезекті оқу-жаттығуы барысында оларға суып қалған түскі ас берілгені туралы видео тарады. Қорғаныс министрлігі аталған жайтқа байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Желі неге шулады?
Әлеуметтік желідегі пабликтердің бірінде әскери сарбаздардың түскі ас уақытында суыған ас ішкені туралы видео тарады.

Желі қолданушылары «Бұған дейінгі видеода жүрген банан, алма қайда?!», «Өтірік видео сияқты» деген пікірлерін жаудырып жатыр.
Қорғаныс министрлігі не дейді?
Мәселенің мән-жайын білу үшін, ҚР Қорғаныс министрлігіне хабарластық. Ведомство видео
Солтүстік Қазақстан облысында әскери міндеттілердің әскери жиынын өткізу кезеңінде расымен түсірілгенін мәлімдеді.
«Әскери жиындар барысында әскери міндеттілерді тамақтандыруды ұйымдастыруды Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі тамақтандыру қызметтерін көрсететін ұйымды тарта отырып жүзеге асырды. 22 қыркүйекте оқу-жаттығудың белсенді кезеңі аяқталғаннан кейін жеке құрам тамақтануға келді. Жеке құрамның негізгі бөлігі белгіленген уақытта тамақтанды. Бұл ретте 1-взводтың әскери міндеттілері тамақтануға кешірек келген, соның салдарынан ұсынылған тағамдардың температурасы төмендеген», — делінген ведомство хабарламасында.
Сондай-ақ, министрлік аталған жағдай анықталғаннан кейін жауапты лауазымды тұлға тағамдарды қайта жылыту туралы нұсқау бергенін атап өтті.
«Осыдан кейін әскери міндеттілерге ыстық тамақпен қамтамасыз етілу мүмкіндігі ұсынылды. Әскери міндеттілер тарапынан тамақтануды ұйымдастыруға қатысты шағымдар мен өтініштер тіркелген жоқ», — делінген хабарламада.
Түйін
Әлеуметтік желіде тараған видео әскери жиындар кезінде Солтүстік Қазақстан облысында түсірілгені расталды. Алайда Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, сарбаздарға суық тамақ әдейі берілмеген. 1-взводтың әскери міндеттілері асханаға кешірек келгендіктен, тағамдардың температурасы төмендеген. Жағдай анықталған соң жауапты тұлға тағамды қайта жылытуға нұсқау берген. Министрлік әскери міндеттілер тарапынан тамақтануға қатысты шағым түспегенін хабарлады.


