NoFake

Техникалық ақау: қазақстандық кәсіпкерлердің шоттары негізсіз бұғатталған

Фото: freepik.com

Қазақстанда камералдық бақылауды цифрландыру барысында техникалық ақау тіркеліп, бірқатар салық төлеушінің банктік шоттары уақытша негізсіз шектелді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Қазір қате түзетіліп, бұғаттауларды алып тастау жұмыстары жүріп жатыр. Мемлекеттік кірістер комитеті камералдық бақылау процестерін толық автоматтандыру аясында жүргізілген жұмыстар кезінде жүйелік ақау орын алғанын мәлімдеді.

Ведомствоның түсіндіруінше, жаңа цифрлық тәсіл камералдық бақылаудың барлық кезеңін қамтиды — хабарламаларды қалыптастырудан бастап олардың орындалуын бақылау және салықтық шараларды қолдануға дейін. Бұл шаралар адами факторды азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған.

«Автоматтандыру камералдық бақылау хабарламаларымен жұмыс істеудің барлық кезеңдерін қамтиды. Бұл адами факторды барынша азайтып, салықтық әкімшілендірудің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді», — деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.

Алайда жаңа әдістемені енгізу барысында техникалық қате анықталып, соның салдарынан кейбір камералдық бақылау хабарламалары бойынша банктік шоттардағы шығыс операциялары негізсіз тоқтатылған. Қазіргі уақытта аталған ақау толық жойылған. Бұрын қалыптастырылған шектеу қою туралы өкімдер кері қайтарылып жатыр. Ведомство мәліметінше, бұл жұмыстар 2026 жылғы 10 сәуірге дейін толық аяқталады.

«Бүгінгі күні жүйе штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Шоттар бойынша шектеулерді алып тастау жұмыстары жүргізілуде, келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз», — делінген комитет хабарламасында.

Комитет сондай-ақ салықтық әкімшілендіруді цифрландыру жалғасатынын, бірақ мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жүйелерді қосымша тексеру күшейтілетінін атап өтті.

Оқу үшін