NoFake

«Резидентура түлектері жаппай құлады»: Министрлік желідегі ақпаратты жоққа шығарды

Фото: Depositphotos

Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желілерде тараған резидентура түлектері қорытынды аттестаттаудан жаппай өте алмады деген ақпаратты жоққа шығарды. Ведомство мәліметінше, емтиханға қатысқандардың 96,5%-ы қажетті шекті деңгейден өткен.

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде резидентураның жекелеген түлектері қорытынды аттестаттаудың екінші кезеңінің нәтижелерімен келіспейтінін айтып, емтихан тапсырмалары мен бағалау жүйесіне қатысты шағымдарын жариялаған. Осыған байланысты министрлік емтихан нәтижелері мен айтылған уәждерге талдау жүргізген.

«Қорытынды аттестаттаудың екінші кезеңіне резидентураның 3684 түлегі қатысты. Оның ішінде 3540 адам немесе 96,5 пайызы емтиханнан сәтті өтті. Шекті деңгейден өте алмағандар саны – 134 түлек (3,5 пайыз). Орташа нәтиже 80,7 балды құрады», – деп хабарлады министрлік.

Ведомство емтиханды өткізу тәртібі, тапсырмалардың мазмұны мен бағалау жүйесі заңнама талаптарына сәйкес болғанын мәлімдеді. Министрлік мемлекеттік тілдегі тапсырмалардың сапасына қатысты шағымдарды да тексерген. Тексеру нәтижесінде материалдардың мазмұндық және лингвистикалық сараптамадан өткені анықталған.

«Бейімдеусіз сөзбе-сөз аударылған тапсырмалар фактілері анықталған жоқ», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ ақпараттық жүйе деректері шекті деңгейден өте алмаған түлектердің басым бөлігі емтиханға берілген 90 минутты толық пайдаланбағанын көрсеткен. Министрліктің мәліметінше, олардың бір бөлігі жұмысты уақытынан бұрын аяқтап, жауаптарын қайта тексеру мүмкіндігін пайдаланбаған. Емтихан кезінде түлектерге нақты тапсырмалар бойынша апелляция беруге мүмкіндік жасалған. Барлық өтініш Республикалық апелляциялық комиссияның қарауына жіберілді.

Шекті деңгейден өте алмаған 134 түлек қолданыстағы қағидаларға сәйкес алты айдан кейін қорытынды аттестаттауды қайта тапсыра алады.

Оқу үшін