Дүрлігуге негіз жоқ: министр бензин дефициті туралы ақпаратты жоққа шығарды

Фото: primeminister.kz
ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мәжіліс кулуарында «Ресейдегі бензин тапшылығын Қазақстанға әсер ете ме?» деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Министр тілшілердің бүгінде Ресейде, тіпті көршілес Орынбор қаласында бензин тапшы деген ақпаратына қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, бұл жағдай Қазақстанға еш әсер етпейді.
«Қазіргі таңда бізде бензин тапшылығы жоқ, керісінше 30 күнге жететін қор бар. Нақтырақ айтсақ, тіпті 36 күннің қоры бар. Бұл бізге сенімді болуға мүмкіндік береді», — деді министр.
Ол Қазақстан азаматтарына егін науқанында жанар-жағармай жетеді деп сендірді.
«Тағы да қайталап айтамын, бензин қоры жеткілікті. Алаңдауға негіз жоқ», — деді ол.
Айта кетейік, бүгін ҚР Мәжілісінде депутаттар Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін тыңдады.


