NoFake

Қытайлық көлік иелерінің шоттары неге бұғатталды: Кірістер комитеті түсіндірді

Фото: polisia.kz

Мемлекеттік кірістер комитеті қытайлық көлік иелерінің шоттары бұған дейін не себепті бұғатталғаннын түсіндірді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Шоттар неге бұғатталды?

Комитеттегі Тауарлардың шығу тегі және жіктелуі басқармасы төрағасының орынбасары Дмитрий Лидің айтуынша, көлік рәсімдеу барысында азаматтар көлік құралының типін мақұлдау құжатын басшылыққа алуға міндетті болған. Алайда бұл жағдайда қатысушылар көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлікті пайдаланған.

«Осы тұста құқықтық қайшылық туындады. Ереже бір құжатты талап етеді, ал азаматтар басқа құжатты негізге алған. Соның салдарынан адамдар көздеген құжатқа сүйенгенімен, ол қолданыстағы талаптарда көзделмеген болып шықты», — деді ол.

Бұдан бөлек, көптеген азаматтар Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі кезінде қабылдаған міндеттемелері мен келісімдері негізінде кедендік төлемдерден босатылуға өтініш бергенін жеткізді.

«Мұнда жеңілдік қарастырылған тауарлардың және кедендік төлемдерден босатылатын өнімдердің нақты тізбесі белгіленген. Алайда мұндай жеңілдікті пайдалану үшін тиісті құжаттар топтамасы болуы қажет. Осылайша, тексеру жүргізілгеннен кейін ғана жағдай анықталды: құжаттар дұрыс рәсімдемеген немесе төлемдерді талапқа сай орындамаған азаматтардың бір бөлігіне берешек туралы хабарлама жіберілді», — деді ол.

Бұл ретте ведомство өкілі барлық рәсімді дұрыс орындап, төлемдерді заң талаптарына сәйкес жүзеге асырған азаматтарға, шоттардың бұғатталуы немесе берешек қарызы бар туралы ешқандай хабарлама жолданбағанын атап өтті.

Не себепті BYD көлігінің иелері қиын жағдайға тап болды?

«Неліктен дәл BYD? Себебі бұл – бағасы қолжетімді әрі жаппай сұранысқа ие болған автокөлік маркасы. Бұған дейін де осындай жағдайлар басқа маркалармен болған. Тіпті олар бойынша тауарларды жіктеу мәселесінің біркелкі болмауына байланысты одақ деңгейінде жан-жақты қаралған»,- деді маман.

Айта кетейік, бұған дейін Кірістер комитеті ҚХР гибридті көлігін импорттаған сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың банк шоттарын жаппай бұғатталғанына қатысты түсініктеме берген еді. Оған сәйкес, BYD маркалы гибридті автокөліктерді кедендік декларациялау кезінде жалған мәлімет ұсынған сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың жеке кабинеттеріне анықталған заң бұзушылықтар туралы хабарламалар жіберілгенін хабаралады. Осылайша, Кірістер комитеті аталған хабарламалар тек 450 азамат рәсімдеген 623 көлік құралына ғана қатысты екенін мәлімдеген еді. Сөйтіп, ведомство аталған шара жаппай сипатқа ие деген ақпаратты жоққа шығарған еді.

Оқу үшін