NoFake

Қытайда жалған сарапшыларға шектеу қойылды

Фото: Depositphotos

Қытай билігі әлеуметтік желілерде өзін сарапшы ретінде көрсететін блогерлерге қатысты талаптарды күшейтті, деп хабарлайды Economic Times-қа сілтеме жасап NoFake.kz. NoFake.kz.

Қытайда енді медицина, қаржы, құқық және білім сияқты маңызды салаларда пікір білдіретін инфлюенсерлер өз біліктілігін ресми құжаттармен дәлелдеуі тиіс. Яғни, мұндай тақырыптарда сөйлейтін контент авторларынан диплом, лицензия немесе кәсіби сертификат талап етіледі.

«Douyin және Weibo платформалары бұл деректерді тексереді. Ал талапты бұзғандарға 100 000 юаньге (шамамен 13 000 еуро) дейін айыппұл салынып, аккаунттары бұғатталуы мүмкін. Билік бұл шешімді жалған ақпаратпен күресу және контент сапасын арттыру қажеттілігімен түсіндіреді», — делінген хабарламада.

Басылымның жазуынша, бұл талаптар әсіресе үлкен аудиториясы бар блогерлерге қатысты қатаң қолданылады. Сонымен қатар, әлеуметтік желі платформаларына да жауапкершілік жүктелген — олар авторлардың құзыретін тексеріп, күмәнді немесе жалған ақпаратты шектеуі керек.

Жаңа ережелерге сәйкес, контент авторлары өз жарияланымдарында ақпараттың дереккөзін көрсетуге және жеке пікір мен нақты фактіні ажыратып беруге міндетті.

Билік мұндай шараларды жалған ақпараттың таралуын азайту және қоғамдағы ақпарат сапасын арттыру мақсатында енгізіп отыр. Сарапшылардың пікірінше, әсіресе пандемиядан кейін әлеуметтік желілерде дәлелсіз кеңестер мен фейк мәліметтердің көбеюі бұл шешімге түрткі болған.

Оқу үшін