«Қыстың ауылы алыс емес»: Абай облысында тамызда қар жауғаны рас па

Скриншот: Instagram/Фото профиля sarzhal_onim sarzhal_onim
Әлеуметтік желіде Абай облысында тамызда қар жауғаны туралы бейнежазба тарады. Облыс әкімдігі аталған видеоға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Желіде видео тарағаны рас па?
Аталған видео жергілікті пабликтердің бірінде тараған. Онда көпшілік аталған видеоның рас-өтірігіне сенбей, «қар расымен тамызда жауды ма?» деген сұрақты көп қойған.

Аудан әкімдігі не дейді?
Мәселенің мән-жайын білу үшін, Абай ауданы әкімдігінің Ішкі саясат бөліміне хабарластық. Ондағылар оқиғаның расымен болғанын, алайда видеодағы қар емес, бұршақ екенін атап өтті.
«2026 жылғы 20 тамыз күні сағат 17:00 шамасында Абай облысының Абай ауданындағы Қарауыл–Медеу автомобиль жолының бойында шамамен 3 шақырым аумақта қалың жаңбырмен бірге ұсақ бұршақ жауған. Таң ата бұршақ еріп кетті. Аталған жағдайға байланысты шаруа қожалықтары мен ауыл тұрғындарынан арыз-шағым түскен жоқ», — делінген хабарламада.
Әкімдік сондай-ақ, қазіргі уақытта жағдайтың тұрақты екенін, ауылдық округ бойынша төтенше жағдай тіркелмегенін атап өтті.
Түйін
Осылайша, әлеуметтік желіде тараған видеодағы ақ түсті жауын-шашын қар емес, бұршақ болып шықты. Абай облысы, Абай ауданы әкімдігінің мәліметінше, бұршақ шамамен 3 шақырым аумақта қалың жаңбырмен бірге жауған және таң ата еріп кеткен. Оқиғаға байланысты тұрғындар мен шаруа қожалықтарынан шағым түспеген, ал қазіргі таңда жағдай тұрақты және ауылдық округте төтенше жағдай тіркелмеген.


