ҚМА өз атынан таратылған жалған құжаттар туралы ескертті

Фото: Gov.kz
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарға ведомство атынан жалған құжаттар таратылып жатқанын мәлімдеді.
Агенттіктің хабарлауынша, алаяқтар ресми құжатқа ұқсас материалдар таратып, онда азаматтарға жоғалған ақшаны қайтару рәсімі туралы жалған ақпарат көрсеткен. Сондай-ақ құжатта криптовалюта биржаларындағы, криптоәмияндардағы және банк карталары бойынша транзакцияларды тексеру, қаражатты қайтарумен айналысатын тұлғалардың сенімділігін растау туралы мәліметтер бар.
«Таратылатын құжат Агенттіктің ресми құжаты болып табылмайды, онда қамтылған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», – делінген Агенттік хабарламасында.
Ведомство алаяқтық немесе басқа операциялар салдарынан жоғалған ақшаны азаматтарға қайтарумен айналыспайтынын атап өтті. Сондай-ақ қаражатты қайтару қызметін ұсынатын үшінші тұлғалардың сенімділігіне кепілдік бермейді.


