Отбасының цифрлық картасында азаматтардың әлеуметтік деңгейі қалай бағаланады

Фото: Gov.kz
Қазақстанда Отбасының цифрлық картасы арқылы азаматтардың әлеуметтік жағдайын бағалау кезінде ипотека, ескі көлік, тұрғын үй және банк шоттарындағы қаражат ескеріледі. Алайда олардың барлығы бірдей отбасының әл-ауқат деңгейін жоғарылатпайды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) арқылы қазақстандықтардың тұрмыс деңгейі қалай анықталатынын түсіндірді. Жүйе 30 мемлекеттік ақпараттық жүйедегі деректерді біріктіріп, отбасының әлеуметтік жағдайын автоматты түрде бағалайды. Ведомствоның мәліметінше, мемлекеттік жәрдемақылар, алимент, тұрғын үй көмегі, бала тууына байланысты біржолғы төлемдер мен қайырымдылық қаражаты отбасының табысы ретінде есептелмейді.
Ипотека мен ескі көлік қалай ескеріледі?
Министрлік ипотекалық қарызы бар азаматтардың қаржылық міндеттемелері де назарға алынатынын мәлімдеді.
«Қолданыстағы ипотекалық кредиттің болуы отбасының әл-ауқатын бағалау кезінде жалпы балды төмендетеді. Өйткені жүйе мұндай міндеттеменің отбасылық бюджетке тұрақты қаржылық салмақ түсіретінін ескереді», – делінген министрлік түсіндірмесінде.
Сондай-ақ 20 жылдан асқан автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникаларының құны нөлге теңестіріледі. Шағын жер учаскелері, үй іргесіндегі бақша, аз мөлшердегі мал мен құс та отбасының әл-ауқат бағасына әсер етпейді. Банк карталарындағы, шоттар мен депозиттердегі шағын жинақтар есепке алынбайды. «Отбасы банкіндегі» тұрғын үй құрылыс жинақтары да бағалауға әсер етпейді.
Қандай жағдайда отбасы ауқатты деп есептеледі?
Министрлік жоғары табыс, қымбат көлік және бірнеше жылжымайтын мүлік нысанының болуы әл-ауқат деңгейін жоғарылататын көрсеткіштер екенін атап өтті.
«Әл-ауқат деңгейін бағалау шкаласы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда үш күнкөріс минимумынан басталады. Табыс осы межеден неғұрлым жоғары болса, отбасының әл-ауқат деңгейі де соғұрлым жоғары бағаланады», – деп түсіндірді ведомство.
Бағалау кезінде ауылдық жерлердегі баспана мен коммерциялық нысандарға төмендетілген коэффициент қолданылады. Ал ірі қалалардағы жер учаскелері олардың нарықтық құнына байланысты жоғары коэффициентпен есептеледі.
Бұдан бөлек, отбасы мүшелерінің саны, балалар мен қарттардың болуы, сондай-ақ мүгедектігі бар немесе ауыр созылмалы аурумен есепте тұрған адамдардың жағдайы ескеріледі. Мұндай отбасыларға төмендету коэффициенттері қолданылады.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, Отбасының цифрлық картасындағы көрсеткіштер ай сайын автоматты түрде жаңартылады. Бұл әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларды анықтап, мемлекеттік қолдауды олардың нақты қажеттілігіне қарай бағыттауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін біз отбасының цифрлық картасы қалай жұмыс істейтіні туралы егжей-тегжейлі түсіндіргенбіз.


