Қазақстанда мектеп формасына қойылатын талап қандай — Министрлік түсіндірді

Иллюстративное фото: Depositphotos
Жаңа оқу жылы жақындаған сайын ата-аналар арасында мектеп формасына қатысты сұрақтар көбейеді. Форманың үлгісін кім бекітеді? Мектеп белгілі бір дүкеннен киім сатып алуды талап ете ала ма? Оқу ғимаратында бас киіммен жүруге бола ма? NoFake.kz Оқу-ағарту министрлігі жариялаған талаптарды жинақтады.
Мектеп формасын кім таңдайды?
Мектеп формасының нақты пішімін білім беру ұйымы жеке өзі бекітпейді. Оны таңдауға ата-аналар мен мектеп қауымдастығы да қатысады.
«Мектеп формасының пішімін білім беру ұйымы қамқоршылық кеңестің, ата-аналар комитетінің және мектептегі өзін-өзі басқару органдарының қатысуымен айқындайды. Ол жалпы мектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі. Мектеп формасына енгізілетін өзгерістер де аталған кеңестермен келісу арқылы қабылданады», — деп түсіндірді Оқу-ағарту министрлігі.
Ұлдар мен қыздарға арналған мектеп формасы күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді. Оны таңдағанда оқушының жас ерекшелігі, өңірдің климаттық жағдайы, сабақ өтетін орын, мектеп ғимаратындағы температуралық режим және қауіпсіздік талаптары ескерілуі керек.
Мектеп форманы нақты бір дүкеннен алуды талап ете ала ма?
Жоқ. Ата-аналар мектеп формасын кез келген сауда желісінен сатып алып, өндірушіні өздері таңдай алады. Білім беру ұйымдарының қандай да бір өндірушіге артықшылық беруіне жол берілмейді. Яғни мектеп форманың бекітілген үлгісі мен оған қойылатын талаптарды белгілей алады, бірақ ата-ананы нақты дүкенге немесе өндірушіге бағыттауға құқығы жоқ.
Мектепте бас киім киюге бола ма?
Министрлік мәліметінше, мектеп формасында оқушыға жарақат келтіруі мүмкін фурнитура мен аксессуарлар болмауы тиіс. Сонымен бірге білім беру ұйымдарының жарғыларында белгіленген қағидаларға сәйкес оқу ғимаратының ішінде бас киіммен жүруге жол берілмейді.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясына сәйкес дін мемлекеттен бөлек, ал білім беру ұйымдарындағы білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие.
Кімдерге мектеп формасын алуға мемлекет көмектеседі?
Әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балаларына Жалпыға бірдей білім беру қоры аясында мектеп формасын, аяқ киім мен мектепке қажетті құралдарды сатып алуға мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
«2026–2027 оқу жылы қарсаңында мұндай қолдаумен 450 мыңға жуық баланы қамту жоспарланып отыр. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттерден шамамен 23 млрд теңге қарастырылған», — делінген министрлік хабарламасында.
Ата-аналар мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті ме?
Иә. «Білім туралы» заңға сәйкес ата-аналар білім беру ұйымының жарғысында белгіленген қағидаларды және міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті.Қорытай айтсақ, мектеп формасының пішімі ата-аналар мен мектеп қауымдастығының қатысуымен бекітіледі. Мектеп ата-ананы форманы нақты бір дүкеннен немесе белгілі бір өндірушіден сатып алуға міндеттей алмайды. Ал оқушылар мектеп жарғысында бекітілген форма мен қауіпсіздік талаптарын сақтауы тиіс.


