Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері көтерілетіні рас па

Фото: depositphotos
Еңбек министрлігі ең төменгі жалақы мөлшерін жыл соңына дейін қаралатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев ең төменгі жалақының 150 мың теңгеге дейін көтерілуі биыл жыл соңына дейін мүмкін бе деген сұраққа жауап берді.
«Айту қиын. Жыл соңына дейін әдістеме анықталуы мүмкін — бұл біріншіден, екіншіден, қаншалықты көтеру керектігінің шегі белгіленеді. Одан кейін бюджет процесі бар. Мұны республикалық бюджет туралы заңға енгізу қажет», — деді ол.
Сонымен бірге министр кез келген жағдайда ең төменгі жалақының өсетініне сендірді.
«Қалай болғанда да, ең төменгі жалақы медиандық жалақының өсуі мен еңбек өнімділігін ескере отырып әзірленетін әдістеме негізінде көтеріледі», — деді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин Қазақстанда ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі талқыланып жатқанын айтқан еді. Мәселен, ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге болса, енді оны 150 мың теңгеге дейін арттыру ұсынылуда.


