Қазақстанда алғаш рет жасанды интеллект көмегімен заң жобасы әзірленді

Фото: magnific.com
Қазақстанда «AI-Quryltai» жасанды интеллект платформасының көмегімен «Балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігі туралы» заң жобасы әзірленді. Құжатта балаларды интернеттегі қауіптерден қорғауға бағытталған 120-дан астам түзету қарастырылған, деп хабарлайды NoFake.kz.
Құрылтай вице-спикері Динара Закиеваның айтуынша, бұл – «AI-Quryltai» интеллектуалдық ортасында әзірленген алғашқы заң жобасы. Платформа депутаттарға балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігіне кешенді талдау жүргізуге мүмкіндік берген.
Атап айтқанда, жасанды интеллект азаматтардың өтініштерін, ата-аналар мен сарапшылар көтерген мәселелерді, ықтимал қауіптерді және халықаралық тәжірибені талдауға пайдаланылған. Сонымен қатар, платформаға 800 мыңнан астам нормативтік құқықтық актінің дерекқоры біріктірілген.
«Арнайы оқытылған заңнамалық модель алғаш рет заң жобасының мәтінін құруға тікелей пайдаланылды. Бұл заңнамаға енгізілетін өзгерістердің ауқымы мен толықтығын арттыруға және қайшылықтарды болдырмауға мүмкіндік берді», – деп атап өтті Динара Закиева.
Заң жобасында қандай өзгерістер ұсынылған?
Құжатта цифрлық платформаларға балаларды қорғауға бағытталған қосымша талаптар енгізу көзделген. Соның бірі – барлық платформаларда ата-ана бақылауы тетігін енгізу.
«Балаларға арналған „сүзгі“ енгізіліп, сәйкесінше барлық таңбаланбаған және тексерілмеген цифрлық және ақпараттық өнімдер, қосымшалар, ойындар балаға қолжетімсіз болады. Сондай-ақ платформаларға барлық цифрлық өнімдерді таңбалау, оларды верификациялау, қауіптер мен бұзушылықтар анықталған жағдайда бұғаттау жөніндегі талаптарды енгізу ұсынылады. Барлығы 120-дан астам түзету әзірленді», – деді вице-спикер.
Құрылтай мәліметінше, жасанды интеллект ұсынған барлық өзгерісті депутаттар, заңгерлер және цифрлық қауіпсіздік саласының сарапшылары қосымша тексеріп, пысықтаған. Яғни, заң жобасын әзірлеу барысында жасанды интеллект көмекші құрал ретінде пайдаланылған.
Қазіргі уақытта құжат Үкіметтің қорытындысын алуға жолдануда. Оны жетілдіру жұмыстары Құрылтайдағы жұмыс тобы аясында жалғасады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында Құрылтай депутаттары үш заң жобасын әзірлеген.


