NoFake

Қазақстанда әлеуметтік төлемдегі алаяқтықпен күреске ЖИ тартылады

Фото: Ukimet

Қазақстанда әкімдіктер көрсететін біржолғы әлеуметтік төлемдерді тағайындауға жасанды интеллект көмектеседі. Жүйе төлем алушыларды алдын ала анықтап, тағайындау жобасын қалыптастырады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Үкімет отырысында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, әлеуметтік-еңбек саласын цифрландырудағы негізгі мақсаттың бірі – азаматтардың өтініш беруін күтпей, олардың мемлекеттік қолдауға мұқтаждығын алдын ала анықтау.

«Негізгі басымдық өтініш білдіру қағидатынан проактивті модельге көшуге берілді. Бұл модель аясында мемлекет азаматтың қолдауға қажеттілігін алдын ала анықтап, оған қажетті нәтижеге қол жеткізгенге дейін сүйемелдейді», – деді Асқарбек Ертаев.

Осы мақсатта Әлеуметтік қорғаудың бірыңғай цифрлық платформасы енгізіліп жатыр. Ол қолдау шараларын тағайындау, шешім қабылдау және қаражат төлеу процестерін бір жүйеге біріктіреді. Бұған дейін азаматтар мемлекеттік органдарға жүгініп, растайтын құжаттарды жинап, олардың тексерілуін күтуге мәжбүр болса, енді қажетті мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынады.

Биыл маусымнан бастап платформа еліміздің барлық 20 өңірінде өнеркәсіптік пайдалануға енгізілген. Қазір ол арқылы жергілікті атқарушы органдар көрсететін 13 қолдау шарасы цифрлық форматта ұсынылады. Ал тамыздан бастап әкімдіктер көрсететін мемлекеттік қолдаудың біржолғы шараларын, соның ішінде мерекелік және атаулы күндерге берілетін төлемдерді тағайындауға жасанды интеллект тартылады.

«Жүйе алушыларды алдын ала анықтайды және тағайындау жобасын қалыптастырады. Төлемді жүзеге асыру туралы түпкілікті шешімді жергілікті атқарушы орган қабылдайды», – деді министр.

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов әлеуметтік саланы цифрландыру мемлекеттік қолдауды қолжетімді етумен қатар, төлемдерді заңсыз алу әрекеттерінің алдын алуға да бағытталуы керегін айтты.

«Әлеуметтік төлемдерді алаяқтық жолымен алу – ол да бар, құпия емес, қанша қылмыстық істер де қозғалып жатыр. Сондықтан енгізіліп жатқан цифрлық технологиялар, жасанды интеллект – оның бәрі осындай бұзушылықтарға кедергі болуы тиіс. Бұл бағытта жұмыс жасау керек», – деді Олжас Бектенов.

Қыркүйекте мемлекеттік қолдау шараларына eGov Mobile арқылы өтініш беру мүмкіндігін іске қосу жоспарланып отыр. Ал қазаннан бастап жасанды интеллект азаматтардың мұқтаждық деңгейін ескере отырып, мемлекеттік қолдау шараларын нысаналы түрде тағайындауға көмектеседі.

Оқу үшін