NoFake

ҚНДА ведомство қызметі туралы тараған ақпаратқа түсініктеме берді

Фото: ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Агенттіктің қызметі туралы таратылып жатқан ақпараттың жалған екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Агенттік мәліметінше, Бірыңғай банкаралық QR-кодты реттеу мәселелері Агенттіктің құзыретіне жатпайды.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» ҚР Заңына сәйкес QR-кодтың жұмыс істеуі, төлем жүйелерін реттеу мәселелері Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құзыретіне жатады. Агенттік банкаралық эквайринг жөніндегі комиссияны белгілемейді және төлем жүйелерінің тариф саясатын реттеуді жүзеге асырмайды», — делінген хабарламада.

Бұл ретте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржы ұйымдарының қызметін тұрақты қадағалауды жүзеге асыратынын атап өтті.

«Заңнама талаптарын бұзғаны үшін 2021 жылдан бастап 127 микроқаржы ұйымы мен 135 коллекторлық агенттіктің лицензиясы кері қайтарылды, оның ішінде 2024-2026 жылдары 55микроқаржы ұйымы мен 29 коллекторлық агенттікке 500 млн теңгеден астам сомаға 1,6 мың әкімшілік айыппұл салынды», — деп жазылған хабарламада.

Агенттіктің қадағалау шаралары нәтижесінде азаматтардың борыш жүктемесін төмендету мақсатында 2025 жылы 33,9 мың қарыз алушының негізгі борышы, сыйақысы, айыппұлдары мен өсімпұлдары толық немесе ішінара есептен шығарылды, 722 мың қарыз алушының берешегі қайта құрылымдалған.

«Бұдан басқа, 2024 жылы Агенттік пен Ұлттық Банктің бірлескен қаулысымен жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті мөлшерлері: кепілсіз банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша 56%-дан 46%-ға дейін, кепілді қарыздар бойынша 56%-дан 40%-ға дейін, ал 45 АЕК-ке дейінгі онлайн-микрокредиттер бойынша (45 күннен астам) ең жоғары күндік мөлшерлеме 1%-дан 0,3%-ға дейін төмендетілді», — делінген хабарламада.

Сондай-ақ хабарламада қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл құқық қорғау органдарымен, Ұлттық Банкпен және қаржы нарығына қатысушылармен ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасау шеңберінде жүзеге асырылатыны мәлімделген.

«Алаяқтық операциялардың жедел түрде жолын кесу үшін қаржы ұйымдары мен мемлекеттік органдар арасында ақпаратты нақты уақыт режимінде алмасуды қамтамасыз ететін Ұлттық Банктің Антифрод-орталығы жұмыс істейді. 2025 жылдың басынан бері 68 млрд теңгеден астам сомаға 163 мыңнан астам алаяқтық операция тоқтатылып, 28,9 млрд теңгеден астам сомаға алаяқтық операциялар бұғатталды», — делінген хабарламада.

Сондай-ақ, агенттік кредиттерді алаяқтық жолмен ресімдеудің алдын алу мақсатында заңнамалық деңгейде кешенді шараларды іске асырған.

«Міндетті биометриялық сәйкестендіру, онлайн-кредиттерді беру кезінде шешім қабылдау кезеңі, бірінші кредитті алу кезінде қарыз алушының жеке қатысуы туралы талап енгізілді, сондай-ақ алаяқтық жолмен ресімделген кредиттер бойынша тергеу жүргізіліп жатқан кезеңде сыйақы есептеуге тыйым салынды, алаяқтық кредиттерді соттан тыс және сот тәртібімен есептен шығарудың негіздері кеңейтілді», — делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, аталған шаралардың нәтижесінде, 2025 жылы банктер мен микроқаржы ұйымдары азаматтардың жалпы сомасы 1,9 млрд теңгені құрайтын 1,6 мың алаяқтық жолмен ресімделген кредитін есептен шығарған.

Агенттік азаматтарды жалған ақпаратқа сенбеуге және ресми ақпарат көздерін пайдалануға кеңес берді.

Оқу үшін