NoFake

«Қарғысты қайтарамыз»: жалған емшілер қарағандылықтың 15 млн теңгесін алып кеткен

Фото: ІІМ

Қарағандыда өзін емші әрі балгер ретінде таныстырған үш әйел 78 жастағы зейнеткерді алдап, оның жалпы құны 15 миллион теңгені құрайтын алтын бұйымдары мен ақшасын иемденіп кеткен. Күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды NoFake.kz.

«Күдіктілердің бірі зейнеткерге «жақын адамыңыз салған ескі қарғыс бар, оны қайтармасаңыз, өзіңізге қымбат адамның өміріне қауіп төнеді» деп сендірген. Осыдан кейін жәбірленуші олардың барлық айтқанын орындап, алтын бұйымдары мен ақшасын өз еркімен берген», – деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.

Министрліктің мәліметінше, оқиға өткен жылдың желтоқсан айында болған. Алдымен үш әйел қариядан стоматологияға баратын жолды сұрап, кейін әңгімеге тартып, сеніміне кірген.

Олар зейнеткерге алдымен «тазартатын ине» сатып алуды ұсынып, түрлі ырым-жоралғылар жасаған. Кейін үйінен шикі жұмыртқа әкелуді сұрап, соңында «қарғыстан арылу» үшін барлық алтын әшекейлері мен ақшасын газетке орап беруді талап еткен.

Есесіне мөрленген түйіншек ұстатып, оны 40 күн өткен соң ғана ашып, ішіндегісін өртеп, күлін сол жерге апаруды тапсырған. Алайда сол түні түйіншекті ашқан зейнеткер оның ішінде бос қағаз ғана жатқанын көрген.

«Жәбірленушінің сипаттамасы негізінде Қарағанды облысы полиция департаментінің қызметкерлері күдіктілерді Теміртау қаласында ұстады. Тергеу барысында олардың Павлодар және Алматы қалаларының, сондай-ақ Жетісу облысының тұрғындары екені анықталған. Сондай-ақ олардың осыған ұқсас алаяқтықтарға қатысы болуы мүмкін екені тексеріліп жатыр»,-делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда.

ІІМ азаматтарды өзін балгер, емші немесе көріпкел ретінде таныстырып, «қарғысты қайтарамыз», «көз тиюді кетіреміз» деген желеумен ақша не бағалы зат талап ететін адамдарға сенбеуге шақырды. Мұндай жағдайға тап болған жағдайда бірден полицияға хабарласу қажет.

Оқу үшін