Португалия құрамасының ойыншыларын ұрып жатқан видео — дипфейк

Скриншот: әлеуметтік желіден
Әлеуметтік желіде Әлем чемпионатында Португалия құрамасының жеңілісінен кейін, ұлттық құрама ойыншыларын жаппай ұрып жатқан дипфейк видео тарады, деп хабарлайды Nofake.kz.
Онда стадионнан әлдекімнің алаңға шығып, Португалия құрамасының ойыншыларын ұрып жатқан сәтін көруге болады.

Алайда бұл видеоның дипфейк екенін байқау қиын емес.
Біріншіден. Алаңға шығып, Португалия құрамасының ойыншыларын жұдырықтай жөнелген адамның дипфейктерге тән агрессия көрсетіп, бет-әлпетінің мимикасының шынайы емес екені анық көрінеді.
Екіншіден. Ойыншылардың жейдесіндегі құрама логотипінің шынайы логотиптен айырмашылығы бар. Португалия құрамасының логотипінде логоның сырты ақ сызықпен сызылғаны, ал мына дипфейкте оның көрінбей тұрғанын байқаймыз.
Үшіншіден. Ойыншыларға физикалық күш көрсеткен ер адамның киім үлгісіне мән берсек, ол Португалия құрамасының бас бапкеріне ұқсайды. Алайда, шын мәнінде құраманың бас бапкері мүлдем басқа адам және матч барысында бапкердің алаңға шығып, футболшыларды ұрған сәті тіркелмеген.
Төртіншіден. Threads-тегі жазбаға өтіп, дипфейктің өзін ашсаңыз, оның жоғары жағында видеоның ЖИ-мен жасалғаны туралы белгі анық көрінеді.

Түйін
Португалия құрамасының ойыншыларын жаппай ұрып-соққан видео — дипфейк. Кадрдағы кейіпкерлердің бет қимылының табиғи болмауы, формадағы логотиптің сәйкессіздігі, бапкер туралы жалған ақпарат және Threads платформасындағы «ЖИ көмегімен жасалған» белгісі видеоның дипфейк екенін дәлелдейді. Сондықтан бұл жазба шындыққа сәйкес келмейді және оны сенімді ақпарат көзі ретінде қабылдауға болмайды.


