Павлодарлық әйел жүктілік туралы жалған анықтамамен жазадан құтылмақ болған

Фото: Depositphotos
Павлодар облысында мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасаған әйел жүктілік туралы жалған анықтамамен әкімшілік қамақтан жалтарған. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.
Прокуратура құжаттың жалған екенін анықтағаннан кейін сот әйелге 20 тәулікке әкімшілік қамақ тағайындады.
«Кейіннен пара алу және дәлелдемелерді бұрмалауға қатысты кінәлі тұлға сотталды. Оған 6,6 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынып, ол мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды», – делінген Бас прокуратура хабарламасында.
Прокуратура жалған медициналық құжатты пайдалануға мүмкіндік берген себептер мен жағдайларды да зерделеген. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша бес лауазымды тұлға, оның ішінде екі басшы қатаң тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
«Медициналық ұйымдарда құжаттарды ресімдеу, есепке алу, сақтау және беру тәртібіне бақылау күшейтіліп, олардың электрондық нұсқаларын өзгерту мүмкіндігі жойылды», – деп мәлімдеді ведомство.
Осылайша, аталған оқиғадан кейін медициналық құжаттарды беру тәртібіне бақылау күшейтілді.


