«Отбасылық тарифке қосылу»: алаяқтардың жаңа схемасы қалай жұмыс істейді

Фото: Depositphotos
Абай облысының Полиция департаменті әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралып жатқан алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескертті, деп хабарлайды NoFake.kz.
Полиция мәліметінше, алаяқтар азаматтарға «отбасылық тарифке» қосылып, ұялы байланыс қызметтерін арзан бағамен пайдалануды ұсынып, сеніміне кіреді.
Схема қалай жұмыс істейді?
Алаяқтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «Отбасылық тарифке қосылыңыз, бос орын бар!» деген хабарламалар таратады. Үнемді тарифке қызыққан азаматтар хабарлама авторларымен байланысқа шыққан кезде, оларға арнайы сілтеме жіберіледі.
Көп жағдайда бұл сілтемелер фишингтік сайттарға апарады немесе телефонға зиянды бағдарламалар орнатуға арналған болады.
Мамандардың айтуынша, мұндай сілтемелерге өткеннен кейін алаяқтар смартфондағы жеке деректерге, банк қосымшаларына, әлеуметтік желідегі аккаунттарға және басқа да құпия ақпараттарға қол жеткізуі мүмкін.
Өзіңізді қалай қорғауға болады?
🔹 Бейтаныс адамдар жіберген сілтемелерге өтпеңіз;
🔹 Күмәнді ұсыныстарға сенбеңіз;
🔹 Жеке және банк деректерін ешкімге бермеңіз;
🔹 Қосымшаларды тек ресми дүкендерден жүктеңіз;
🔹 Телефоныңызға антивирустық қорғаныс орнатыңыз.
Егер күмәнді хабарлама алсаңыз немесе алаяқтардың құрбаны болсаңыз, дереу полицияға хабарласу қажет.


