NoFake

Өзгенің пікіріне қалай ермеу керек: сыни ойлауды дамыту жолдары 

Фото: Freepik.com

Ақпарат ағыны көп заманда, біреудің пікіріне ілеспей, өз пікіріңде қалып, сыни ойлауды дамыту қажет. Nofake.kz сыни ойлау дағдысын қалыптастыру тәсілдерін ұсынады. 

Әлеуметтік психологияда «беделді тұлғаның әсері» ұғымы бар. Мұндай қасиет адамдарда туа бітуі мүмкін және ол біреуге үнемі бағынуға бейімділік деген мағынаны білдіреді. Өкініштісі, оны түрлі манипуляторлар ұтымды пайдаланып кетеді. Бұл феномен қалай жұмыс істейді және оған қарсы тұруға бола ма? Төменде жолдарын ұсынамыз. 

«Беделді тұлғаны» контенттен бөліп алыңыз 

Беделді адамның сөзіне сеніп қалмаудың  ең маңызды қадамы – ақпаратты жеткізуші адамды ол айтып отырған ақпараттан бөліп алу керек. Яғни, жаңалықты айтқан адамға емес, оның мазмұнына мән беру қажет. 

Профессор Стэнли Милгрэмнің зерттеуінше, адамдар беделді тұлғамен бірге отырмаса, я болмаса басқа бөлмеде отырса оған қарсы шыға алатын көрінеді. Сондықтан, одан ойша алшақтау, оны абсолютті шындық көзі емес деп қабылдау — бұл әрине біреудің пікіріне жалтақтаудан құтылуға мүмкіндік береді. Осы ретте, мамандар ақпаратты бірден қабылдамас бұрын өзіңізге төмендегі сұрақтарды қоюға кеңес береді:

  • Мен неге бұл дереккөзге сенуім керек? (Шынайы сараптама ма, әлде жай жаңалық па?)
  • Бұл ақпаратқа менің қандай қатысым бар? (Мысалы, адамға немесе ұйымға деген симпатия)
  • Бұл тұлға бұрын қателесті ме? (Тіпті Нобель сыйлығының лауреаты да, әсіресе өз саласынан тыс салаларда қателесуі мүмкін). 

Балама көзқарастар мен дереккөздерді іздеңіз

Түрлі ақпарат көздерін белсенді түрде іздеу және балама пікірлерді қарастыру – өзге адамның пікіріне құдайдай сенуге қарсы тұруға көмектеседі. Егер сізге белгілі бір беделді адамның пікірі ұсынылса, қосымша ақпарат жинап, осы ақпаратқа қатысты басқа пікірлерді салыстырыңыз. Сыни ойлауды қолдану және фактілерді тексеру  дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. 

Есіңізде болсын: ақпаратты кім айтқаны маңызды емес — оның ұсынған ақпараты қайдан алынғаны маңызды:

— Бастапқы дереккөзді табыңыз (зерттеулер, ресми мәліметтер, құжаттар).
— Контекстен тыс алынған цитаталардан сақ болыңыз.
— Басқа дереккөздерде расталғанын тексеріңіз (кемінде үшеуі болғаны жөн).

Аргументтерді талдаңыз

— «Кім айтты» мен «не айтты» ұғымдарын ажыратыңыз, тіпті беделді сарапшының өзі өз пікірін дәлелдеуі тиіс екенін ұмытпаңыз. 
— Логикалық қателіктерге жол бермеңіз (мысалы, белді тұлғаның сөзіне сүйену дұрыс, бірақ түптің-түбінде ол да қателесуі мүмкін).
— Ғылыми немесе сарапшылар қауымдастығындағы ортақ пікірмен салыстырыңыз (егер 90% маман қарсы болса, ойлану керек).

Қайта тексеру әдетін қалыптастырыңыз

— Ғылыми журналдарға жазылыңыз.
— Түрлі пікірлермен танысыңыз (тек өзіңізге ыңғайлы сарапшылармен шектелмеңіз).
— Беделді тұлғалардың пікірін оқығанда, ол ақпаратқа фактчекинг жасауды әдетке айналдырыңыз. 

Өзге адамның пікіріне сену – өз көзқарасыңа күмән келтіріп, біреудің пікіріне бағынуға әкеледі. Сондықтан, бұл механизмді түсіну — саналы болудың алғашқы қадамы. Дереккөздерді тексеру, беделді тұлға ұсынған ақпаратқа сұрақ қоя білу — бүгінгі таңда тек пайдалы дағды емес, жеке қауіпсіздік мәселесіне айналған.

Оқу үшін