Кезекті жылдамдатамыз: «7-20-25» төңірегінде алаяқтар көбейген

Фото: Freepik.com
Қазақстанның орнықтылық қоры азаматтарды «7-20-25» бағдарламасының айналасында әрекет ететін түрлі делдалдар мен күмәнді тұлғаларға сақтықпен қарауға шақырады, деп хабарлайды Nofake.kz.
Қор мәліметінше, қазіргі таңда бағдарламаға қатысушы банктердің басым бөлігі өтінім қабылдауды толығымен онлайн форматта жүргізеді.
«Бұл ашықтықты қамтамасыз етіп, баршаға бірдей тең қолжетімділік берді және өтінімдерді қарау процесіне араласу мүмкіндігін жойды. Онлайн-кезек автоматты түрде қалыптасады, ал банк қызметкерлері немесе үшінші тұлғалар тарапынан қандай да бір манипуляциялар техникалық тұрғыдан мүмкін емес», — делінген хабарламада.
Қазақстанның орнықтылық қоры ұсынған деректерге сәйкес, бүгінде өзін ипотекалық брокер, кеңесші немесе делдал ретінде таныстыратын «көмекшілер» тарапынан алаяқтық жағдайлары жиілеп кеткен.
«Бағдарламаның танымалдылығын пайдалана отырып, олар сыйақыға кезекті «жеделдетуді», орын «брондауды», несиені «мақұлдатуға кепілдік беруді» немесе банктердің лимиттерін «алып беруді» ұсынады. Алайда, бұл жалған қызмет. Себебі бағдарлама аясында банктердің өтінім қабылдау процесі толық автоматтандырылған және оған сырттан әсер ету мүмкін емес», — делінген хабарламада.
Қазіргі таңда банктер өз құзыреті шеңберінде мұндай құқық бұзушылықтармен күрес жүргізіп жатыр.
«Азаматтар ешкімге ақша төлемей, өзі ипотекаға өтінім бере алады. Бұл тез, тегін және делдалдарсыз жүзеге асады. Күмәнді делдалдармен байланысқа түспеуді және оларға ақша бермеуді өтінеміз», — делінген қор хабарламасында.
Одан бөлек, қор мамандары құрылыс компанияларының сату бөліміндегі жағдайларға ерекше назар аудару қажеттегін ескертті.
«Егер сату менеджерлері сыйақы сұрап, пәтер таңдауға немесе ипотека рәсімдеуге көмек ұсынса, көп жағдайда компания басшылығы өз қызметкерлерінің мұндай алаяқтық әрекеттерінен хабарсыз болып келеді. Мұндай жағдайларда тікелей құрылыс компаниясының басшылығына шағымдануға болады», — делінген хабарламада.
Қор өкілдері Қазақстанның орнықтылық қоры атынан мессенджерлерде, соның ішінде WhatsApp арқылы хабарлама келсе, ондағы сілтемелерге өтпеуге кеңес берді.
«Ондайда хабарламаны жойып, жіберушініні бұғаттау ұсынылады. Алаяқтар зиянды сілтемелер немесе файлдар жіберуі мүмкін, бұл құрылғының бұзылуына және жеке деректердің таралуына әкелуі ықтимал», — делінген хабарламада.
Қор қызметкерлері Қазақстан азаматтарына жеке тұлғалармен мессенджерлер арқылы байланыспайтынын тағы ескертеді.


