«Несие мәртебеңіз жаңартылды»: Ұлттық банк алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертті

Фото: Национальный банк РК
Қазақстанда азаматтарға «несиеңіздің мәртебесі жаңартылды» деген күмәнді хабарламалар арқылы, дербес деректерді ұрлау әрекеттері көбейген. Бұл туралы Ұлттық Банк мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
«Алаяқтар қаржы ұйымының атын көрсетпей, жалған сілтемелер жібереді. Пайдаланушы оны ашқан кезде ресми сайтқа ұқсас жалған парақшаға өтеді де, жеке мәліметтерін енгізуі сұралады», – деп хабарлады Ұлттық Банк.
Мұндай хабарламалар адамның эмоциясына әсер етіп, асығыс әрекет жасауға итермелейді. Нәтижесінде азаматтар логин, телефон нөмірі, жеке куәлік деректері мен банк картасының мәліметтерін өз еркімен енгізіп қояды.
Кей жағдайларда сілтеме арқылы телефонға зиянды қосымша жүктелуі мүмкін. Ол құрылғыға толық қол жеткізіп, алаяқтарға сіздің деректеріңізді басқаруға мүмкіндік береді.
«Ұлттық Банк мұндай сілтемелерге өтпеуге шақырады. Несие тарихын тек ресми дереккөздер арқылы тексерген жөн, сондай-ақ “Стоп-кредит” қызметін қосу арқылы онлайн қарыз рәсімдеуді шектеуге болады», – деп атап өтті ведомство.
Ведомство өкілдері ешқашан аудио немесе видеоқоңырау шалмайтынын, жеке шоттарға қызмет көрсетпейтінін және инвестиция салуға шақырмайтынын да еске салды.


