NoFake

Непалдағы тасқыннан кейін кейін «алып қазба» табылғаны рас па

Непал мен Тибет шекарасындағы мұздықтың опырылуынан кейін таудан төмен қарай мұздай су, тас пен лай аралас алапат тасқын жүрген еді. Осы табиғи апаттан кейін әлеуметтік желілерде таудан ағып келген алып аммонит қазбаларының суреттері тарады. Алайда AFP тексеруі олардың ежелгі қазба емес, Непал суретшілері жасаған мүсіндер екенін анықтады.

«Непал тауларынан алып қазба ағып түсті. Мұндай үлкен аммонит қазбасын бұрын-соңды көрген емеспін», – делінген 29 тамызда X желісінде жарияланған корей тіліндегі жазбада.

Постқа тіркелген суреттерден өзен жағасында жатқан екі үлкен қара түсті аммонитке ұқсас нысанды көруге болады. Бір суретте оның жанында жиырмаға жуық адам тұр. Бұл нысанның қаншалықты үлкен екенін көрсетеді.

Суреттер 26 тамызда Непал мен Тибет шекарасында болған жойқын тасқыннан кейін тарай бастаған. Мұздай су мен лай аралас үлкен толқын үйлерді көміп, көпірлерді қиратып, көліктерді ағызып әкеткен.

АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, тасқынға мұздықтың опырылуы себеп болған. Табиғи апат салдарынан Непал мен Қытайдың Тибет аумағында кемінде 939 адам қаза тапқан. Үндістан аумағындағы өзендерден тағы кемінде 17 адамның денесі табылған. Із-түзсіз жоғалғандар саны 4,5 мыңға жуықтаған. Осы оқиғадан кейін Instagram, YouTube және X желілерінде әлгі суреттер «миллиондаған жыл бұрын пайда болған қазбалар» және «тасқыннан кейін табылған» деген сипаттамамен тарады. Алайда суреттердегі нысандар табиғи қазба емес.

Бұл не?

Фото: AFP

AFP суреттерді кері іздеу әдісі арқылы тексеріп, Непалдың ресми ақпарат көздерінде бұған дейін жарияланған ұқсас фотоларды тапқан. Суреттердегі алып нысан – Непалдың солтүстік-батысындағы Джомсом қаласында орналасқан биіктігі 6,7 метрлік «Шалиграм Шила» мүсіні.

Джомсом Непалдағы соңғы тасқыннан зардап шеккен Тришули және Бхоте-Коси өзендері орналасқан аудандардан жүздеген шақырым жерде орналасқан.

Непал БАҚ-тарының мәліметінше, мүсіндерді жергілікті суретшілер биыл 20 сәуір мен 4 мамыр аралығында өткен арнайы шығармашылық шеберхана кезінде тастан қашап жасаған. Жобаны Непал бейнелеу өнері академиясы мен Джомсом орналасқан Гхарпджонг ауылдық муниципалитеті ұйымдастырған.

AFP әлеуметтік желіде тараған суреттердің бірінің артқы жағындағы қонақүйді де салыстырған. Дәл сол ғимарат мамыр айында түсірілген мүсінге бата беру рәсімінің видеосынан көрінеді.

Непал бейнелеу өнері академиясы 2 қыркүйекте AFP-ке берген жауабында әлеуметтік желідегі мәлімдемені «мүлдем негізсіз» деп атады. Академия Шалиграм мүсіндерінің сәуір-мамыр айларындағы шығармашылық шеберхана кезінде жасалғанын растады. Қорыта айтсақ, әлеуметтік желілерде Непалдағы жойқын тасқыннан кейін таудан ағып түскен «миллиондаған жылдық алып қазбалар» ретінде тараған нысандар – ежелгі аммониттер емес. Олар Непал суретшілері 2026 жылдың сәуір-мамыр айларында Джомсом қаласында жасаған тас мүсіндер.

Оқу үшін