Министрлік ұлттық құраманың атынан сатылып жатқан киімдерге қатысты ескерту жасады

Фото: Team Kazakhstan
Әлеуметтік желілерде Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасының нышандары бейнеленген спорттық киімдердің сатылымы туралы видеолардың таралуына байланысты Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Дирекцияның мәліметінше, Under Armour брендінің ақпаратына сәйкес, Қазақстан ұлттық құрамасының ресми спорттық киім жиынтығы қазіргі уақытта өндірілмейді және еркін сатылымға шығарылмаған.
«Under Armour брендінің ақпараты бойынша, ҚР Ұлттық құрамасының ресми киім жиынтығы қазіргі уақытта дайын түрде өндірілмейді және сатылымға шығарылмайды. Демек, әлеуметтік желілерде ұлттық құраманың ресми киімі ретінде көрсетіліп жатқан өнімдер Under Armour компаниясының ресми экипировкасы емес», – деп мәлімдеді Спортты дамыту дирекциясы.
Дирекцияның мәліметінше, желіде ұсынылып жатқан мұндай өнімдердің бағасы түпнұсқа тауар құнынан едәуір төмен. Бұл олардың сапасы мен түпнұсқалығына күмән тудырады.
Осыған байланысты ведомство азаматтарды спорттық киімдерді тек Under Armour ресми дүкендерінен сатып алуға және шығу тегі белгісіз тауарлардан сақ болуға шақырды.
Сонымен қатар «Спортты дамыту дирекциясы» ұлттық құраманың атынан сатылып жатқан өнімдердің құқық иеленушісі, өндірушісі немесе сатушысы емес екенін атап өтті. Сондықтан үшінші тараптар сататын тауарларға құқықтық баға беруге өкілетті емес.
Ведомство өндірушіге ерекше құқықтарын қорғау жөнінде ресми хат жолдайтынын хабарлады. Сондай-ақ тауар белгісі мен өнеркәсіптік үлгінің тіркелуі тексеріліп, контрафакт белгілері анықталған жағдайда ақпарат әділет және құқық қорғау органдарына жіберіледі.


