Мбаппе Испания құрамасымен жанжалдасты — дипфейк

Скриншот: Instagram/әлеуметтік желіден
Футболдан әлем чемпионатының аяқталуына санаулы күндер қалды. Желіде спорт додасына қатысты әлі де дипфейктер қаптап жүр, деп хабарлайды Nofake.kz.
Естеріңізде болса, күні кеше Франция құрамасы Испаниядан жартылай финалда 2:0 есебімен ұтылып, енді қол жүлдеге таласатынын белгілі болған еді.
Осыған орай, әлеуметтік желіде түрлі дипфейктер тарап жатыр.
Желіде тараған кезекті видеолардың бірінде Франция құрамасының шабуылшысы Кильян Мбаппенің Испания құрамасының ойыншыларымен сөзге келіп қалғанын көруге болады. Алайда видеоның кезекті дипфейктердің бірі екеніне төмендегі белгілер бойынша көз жеткіземіз.
Біріншіден. Видеода екі құрама футболшыларының киіну бөлмесінде отырғанын, сәлден соң Франция шабуылшысы Мбаппенің орнынан атып тұрып, ашуға булығатын сәтін көруге болады. Алайда, онда спортшы дипфейктерге тән белгі бойынша агрессивті түрде ашуланып, бет-әлпетінің мимикасы шынайы адамға ұқсамайтын әрекет етеді.

Екіншіден. Мбаппе үстіндегі жейде Франция құрамасының шынайы жейдесіне сәйкес келмейтінін, ондағы логотиптің бұлыңғыр екенін байқауға болады.

Үшіншіден. Видео барысында Испания ойыншысы Ламин Ямаль көз жасына ерік берген Мбаппеге қағаз майлықты ұсынады. Алайда оны беру барысында майлықтың ауада «қалқып» қалған сәтін көруге болады.

Төртіншіден. Әңгіме барысында Кильян Мбаппен тіпті өз жейдесінің бір жақ жеңін жыртып жібереді. Шынайы өмірде ондай әрекет қарапайым адамға сәйкес келмейтінін, адамдарда жейдені бірден жұлып алып тастайтындай алып күш жоқ екенін байқауға болады.
Түйін
Желіде тараған Кильян Мбаппенің Испания құрамасы ойыншыларымен жанжалдасқаны туралы видео – дипфейк. Мұны футболшылардың табиғи емес қимыл-қозғалысы, бұлыңғыр логотиптер, физика заңына қайшы көріністер және жасанды интеллектке тән визуалды қателер дәлелдейді. Сондықтан мұндай видеоларды бөліспес бұрын олардың түпнұсқалығын міндетті түрде тексерген жөн.


