NoFake

Мас күйде көлік жүргізіп, куәліктен айырылғандар үшін жауапкершілік жеңілдей ме — Министр жауабы

Фото: polisia.kz

ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов әкімшілік рақымшылық негізінде мас күйінде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айыру мерзімін қысқарту ұсынысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Бұл туралы министр өз сұхбатында баяндады. Оның пікірінше, жүргізуші куәлігінен айыру мерзімін қысқарту – мас күйінде көлік жүргізетін азаматтарды «ынталандырумен» тең.

«Жеңілдік беру — осындай азаматтардың жауапкершілігін жеңілдетіп, кісендеулі қолын босату деген сөз. Біздің міндетіміз – мұндай фактілерді жою және қоғам санасында оларға қатысты қатаң әрі бүкпесіз көзқарасты қалыптастыру. Рөлге мас күйінде отырмау – көлік жүргізу мәдениетінің бұлжымас қағидатына айналуы тиіс», — деді министр өз сұхбатында.

Ведомство басшысының сөзінше, жыл басынан бері осындай жауапсыз жүргізушілердің кесірінен 200-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан шамамен 300 адам зардап шегіп, олардың арасында қаза тапқандар да болған.

«Осындай әр апаттың артында қайғыдан қан жұтқан отбасылар, тағдыры талқандалған адамдар мен ата-анасын енді ешқашан көре алмайтын бейкүнә балалар тұр. Мысалы, Қытайда мас күйінде көлік жүргізіп, адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы үшін тіпті өлім жазасы да қарастырылған. Ал АҚШ-та мас күйінде көлік жүргізгені үшін өмір бойына жүргізуші куәлігінен айыру жазасы қолданылуы мүмкін», — деді ол.

Министр сұхбат барысында адамдардың қайғы-қасіретіне себеп болатын кез келген алғышарт пен салдарды түбегейлі жою қажеттігін ескертті.

Оқу үшін