Фитнеске бармай қалдыңыз ба, дүкенде тауар сындырдыңыз ба: заң не дейді

Фото: Depositphotos
Йогаға немесе фитнес-клубқа абонемент сатып алып, бірақ бара алмай қалдыңыз. Дүкен сөресіндегі тауарды абайсызда зақымдадыңыз. Ал әкімшілік ақшаңызды қайтарудан бас тартып, не бір бөлігін «айыппұл» ретінде ұстап қалып отыр ма? NoFake.kz төлеген сомаңызды қайтару жолдарын түсіндіреді.
Тіпті қызмет көрсету туралы келісім шартта компания айыппұл салуға құқылы екендігі жазылса да, бұл заңға қайшы. Яғни компания тұтнышуыға атқарылмаған қызмет ақысын қайтаруға міндетті.
Редакциямызға тұтынушылар құқығын қорғау тетіктері жайлы Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Самат Сайдалин айтып берді.
«Тұтынушы мен қызмет көрсетуші (фитнес-клубтар, бассейндер, SPA және т.б.) арасындағы қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен және «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңымен реттеледі.сҚР Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) 686-бабына сәйкес: Тапсырыс беруші орындаушыға оны іс жүзіндегі шығындарын төлеген жағдайда, өтеулі қызмет көрсету шартын орындаудан бас тартуға құқылы, — дейді маман.
Яғни тұтынушы белгілі себептермен қызметтен бас тартқан жағдайда орындаушы қалған соманы қайтаруға міндетті. Мысалы егер сіз бір қызметтен (фитнес, оқу курсы) бас тартсаңыз, олар сіз пайдаланып үлгермеген күндеріңіздің ақшасын тиынына дейін қайтаруы керек.
«Осылайша: қызметтен бас тартқан кезде орындаушы қызметтің көрсетілмеген бөлігі үшін төлемді қайтаруға міндетті; тек орындаушының іс жүзінде расталған шығыстары ғана ұстап қалуға жатады», — дейді Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары.
Олар сіздің ақшаңыздан тек «сізге қызмет көрсетеміз деп шынымен жұмсаған» шығындарын ғана алып қала алады. Бірақ ол шығынды қағазбен, чекпен дәлелдеуі тиіс (мысалы, сізге арнайы карта басып шығарса). «Өздігінен» айыппұл кесуге құқығы жоқ.
Егер сіз қол қойған келісімшартта «ақша қайтарылмайды» немесе «30 пайызын алып қаламыз» деген сияқты заңға қайшы пункттер болса, оған қарамаңыз. Мұндай талаптар заңсыз. Шартта не жазылса да, егер ол Заңға қарсы болса, ол жарамсыз.
«Сондай-ақ, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 8-1-бабына сәйкес: шарттың тұтынушының құқықтарын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленгенмен салыстырғанда шектейтін талаптары жарамсыз деп танылады. Егер шартта шығыстарды есептемей және растамай, белгіленген мөлшерде ұстап қалу (мысалы, 30–50%) көзделсе, онда мұндай талап: ҚР АК-нің 686-бабының талаптарына сәйкес келмейді және «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 8-1-бабы негізінде тұтынушының құқықтарын шектейтін талап ретінде жарамсыз деп танылуы мүмкін», — дейді Самат Сайдалин.
Естеріңізде болса, осындай жағдай жақында Батыс Қазақстан облысында болған. Орал қаласының тұрғыны фитнес-орталықтардың бірінен 257 600 теңгеге жылдық абонемент сатып алған. Алайда, жоспары өзгеріп, екі аптадан соң шартты бұзуды ұйғарады. Ең қызығы, азамат клубқа бірде-бір рет барып үлгермеген. Соған қарамастан, фитнес-клуб әкімшілігі «ішкі ереже бойынша ақшаның 20%-ы қайтарылмайды» деп, тұтынушының 51 520 теңгесін ұстап қалған. Тұтынушы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгініп, өзіне тиесілі қаражатын қайтарып алған.

Дүкендегі тауарды абайсызда зақымдап алсаңыз, оны сатып алуға міндеттісіз бе?
Маманның айтуынша, бұл мәселе де Азаматтық кодекс нормаларымен реттеледі.
«ҚР Азаматтық кодексінің 917-бабына сәйкес мүлікке келтірілген зиянды, егер кінәсі болса, зиян келтірген тұлға толық көлемде өтеуі тиіс. Төлеу міндеті тек кінә болған жағдайда ғана туындайды. Тұтынушы тауарды абайсыздықтан немесе қасақана зақымдағаны дәлелденсе, тауардың құнын өтеуге міндетті», — дейді тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің маманы.
Ал қандай жағдайда тауардың құнын төлеуге міндетті емессіз?
Егер тауар сөреге дұрыс орналастырылмай, түсіп кетіп, не адамның өтетін орны тар болып, зат сынып қалған жағдайда, дүкен иесі оны дәл сол жерде сатып алуды немесе құнын төлеуді талап ете алмайды.
«Тұтынушы тауардың ақысын төлеуге міндетті емес, егер:
Тауар қауіпті орналастырылса;
қауіпсіз қозғалу үшін жағдайлар жасалмаса;
зақымдану оның кінәсінен болмаса», — деп нақтылады ол.
Алайда маман мына нәрсеге баса көңіл бөлу керектігін алға тартты:
«ҚР азаматтық заңнамасының жалпы принциптеріне сәйкес: кінәлі болу фактісі анықталуы тиіс; залалды өтеу туралы дау оқиға орнында өз бетінше шешілмейді; тараптар келісімге келмеген жағдайда, дау заңда белгіленген тәртіппен, соның ішінде сот тәртібімен шешілуі тиіс», — деп жауап берді Самат Мұратұлы.
Сонымен қатар, ҚР Ішкі сауда қағидаларының 52-тармағында: «Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шартта өзгеше көзделмесе, сатып алушы мен сатушы арасындағы сатып алу-сату шарты сатушы сатып алушыға кассалық немесе тауарлық чекті немесе тауардың ақысы төленгенін растайтын өзге де құжатты берген сәттен бастап тиісті нысанда жасалды деп есептеледі» деп көрсетілген.
«ҚР АК 917-бабына сәйкес зақымдалған тауардың ақысын төлеу міндеті тек кінә болған кезде ғана туындайды. Даулы жағдайлар құқықтық тәртіппен шешіледі», — деп қорытындылады маман.
Ал даулы жағдайлар туындаған жағдайда тұтынушылар кеңес алу және құқықтық көмек алу үшін Департаментке немесе «e-Otinish» бірыңғай өтініш беру платформасы арқылы жүгіне алады.


