Малайзияда жасөспірімдердің әлеуметтік желі қолдануын шектейтін заң шықты

Фото: Depositphotos
Бүгіннен бастап Малайзияда жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануын шектейтін қатаң заң күшіне енді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Малайзияның Контакт и мультимедиа комиссиясының (MCMC) ресми қаулысына сәйкес, 16 жасқа толмаған балаларға Facebook, Instagram, TikTok және YouTube секілді ірі платформаларда тіркелуге тыйым салынады.
Жаңа ереже бойынша, технологиялық компаниялар енді жаңа пайдаланушылардың жас ерекшелігін жай ғана сауалнама арқылы емес, Малайзияның мемлекеттік мәліметтер базасы арқылы ресми түрде тексеруге міндетті. Заң талаптарын орындамаған әлеуметтік желі алпауыттарына ірі көлемде қаржылай санкциялар қолданылмақ.
«Жаңа ережелерді бұзған немесе пайдаланушылардың жасын тексеруден өткізбеген платформаларға 10 миллион ринггитке (шамамен 1,2 миллиард теңге) дейін айыппұл салынады», — делінген Малайзия Байланыс министрлігі таратқан ресми мәлімдемеде.
Шектеудің басты себептері қандай?
Малайзия үкіметі интернет кеңістігіндегі қауіпті жарияланымдардың күрт өсуіне байланысты бақылауды күшейтуге мәжбүр болған.
«2026 жылғы 1 маусымнан бастап әлеуметтік желілер заң бойынша пайдаланушылардың жасын тексеруге міндетті. Бұл бастама 16 жасқа толмаған балаларды интернеттегі қауіп-қатерден қорғайды, сонымен бірге ата-аналарға жауапты цифрлық өзара іс-қимыл жасау үшін қажетті құралдарды ұсынады», — делінген Малайзия министрлігі ресми сайтында.
Тыйым салу және сүзгіден өткізу шаралары, ең алдымен, келесі контент түрлеріне бағытталған:
Нәсілдік немесе діни араздықты қоздыратын материалдар;
Елдегі монархия жүйесін және корольдік отбасын сынайтын публикациялар;
Кибербуллинг және жасөспірімдердің психикасына зиян келтіретін өзге де қауіпті ақпарат.
Сарапшылардың пікірінше, Малайзияның бұл қадамы цифрлық кеңістікті реттеудегі ең қатаң халықаралық тәжірибелердің біріне айналып отыр. Желілік алпауыттарға қойылған миллиардтық айыппұлдар компанияларды мемлекеттік талаптарға толық бағынуға мәжбүр етпек.


