Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған амнистияның нәтижесі қандай

Фото: ІІМ баспасөз қызметі
Ішкі істер министрлігі Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған амнистияның жүзеге асырылу барысы туралы мәлімет берді. Ведомствоның дерегінше, әкімшілік амнистия аясында шамамен 590 мың азаматқа қатысты өндіріп алу тоқтатылған.
«Амнистия – бір реттік ізгілік шарасы. Ол болашақта жасалатын құқық бұзушылықтар үшін жауапкершіліктен босатпайды. Егер азамат қайтадан құқық бұзса, ол заң талаптарына сәйкес толық жауапкершілікке тартылады», – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов.
ІІМ дерегіне сәйкес, амнистия шамамен 590 мың азаматқа қолданылып, жалпы сомасы 22 миллиард теңгеден асатын 1,3 миллионнан астам әкімшілік жаза бойынша өндіріп алу тоқтатылған. ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов амнистияның бір реттік ізгілік шарасы екенін еске салды.
Айта кетейік, 1 шілдеде Мемлекет басшысы Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған амнистия туралы заңға қол қойған болатын.


