NoFake

Көші-қон саясатын жетілдіру: қандай өзгерістер енеді

Фото: Freepik.com

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева көші-қон саясатын жетілдіру және елге жоғары білікті мамандар тарту бойынша жүргізіліп жатқан бастамалар туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Премьер орынбасырының сөзінше, Қазақстан көші-қон саясатын жаңартып, елге жоғары білікті мамандар мен инвесторларды тартуға басымдық беріп отыр.

Министрдің айтуынша, 2026 жылғы 10 сәуірден бастап шетел азаматтарын тұрақты тұруға қабылдау тәртібіне қатысты жаңа ережелер күшіне енген. Бұл өзгерістер елдің адами капитал сапасын арттыруға және сұранысқа ие мамандарды тартуға бағытталған.

Сондай-ақ, ол Қазақстанда инвесторлар үшін жеңілдетілген визалық режим сақталатынын мәлімдеді.

«Оларға инвестициялық жобаларға қатысатын басшылар мен олардың отбасы мүшелері үшін арнайы визалар беріледі. Бұл ел экономикасына еркін кіріп, бизнес жүргізуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді», — деді министр.

Сонымен қатар, тапшы мамандық иелерін тартуға ерекше назар аударылып отыр. Аида Балаева арнайы визалар мен тұрақты тұруға мүмкіндік беретін санаттар нейрохирургтар, гематологтар, фармацевтикалық инженер-технологтар, бактериологтар, графикалық анимация мамандары сияқты сұранысқа ие кәсіп иелеріне қатысты болады.

«Жалпы тізімде 51 мамандық бар, алайда бұл тізім тұрақты емес. Экономиканың қажеттіліктеріне қарай ол мүдделі мемлекеттік органдармен келісу арқылы үнемі жаңартылып отырады. Қазіргі уақытта оны кезекті жаңарту 2030 жылға дейінгі көші-қон саясаты тұжырымдамасын іске асыру аясында жоспарланып отыр және биылғы жылдың соңына дейін жүзеге асырылады», – деді ол.

Сонымен қатар жаңа виза түрлері енгізіліп жатқаны белгілі болды. Министрдің сөзінше, жоғары білікті мамандар мен цифрлық көшпенділерге арналған жаңа визалық санаттар жаһандық таланттар мен заманауи технологияларды тартуға мүмкіндік береді.

«Мұндай тәсіл экономикадағы өзгерістерге жедел жауап беруге және шын мәнінде сұранысқа ие мамандарды тартуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жаһандық таланттар мен заманауи технологияларды тартуға ықпал етеді», – деп түйіндеді министр.

Сондай-ақ мемлекеттік органдардың ұсынысы негізінде шетел азаматтарын жеңілдетілген тәртіппен елге кіргізу тетігі қарастырылған.

«Аталған шаралар мемлекет, бизнес және қоғам мүдделерінің теңгерімін сақтай отырып, Қазақстанның ашық әрі заманауи көші-қон саясатын қалыптастыруға бағытталған», — деді ол.

Айта кетейік, 20 сәуір күні Үкімет басшысы Олжас Бектенов құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысын өткізген еді.

Оқу үшін