NoFake

«Кепілгер болдыңыз деген хабарлама келеді»: Алаяқтар тағы бір айлаға көшті

Фото: depositphotos

Әлеуметтік желіде «Кепілгер болдыңыз, сілтемеге өтіңіз» деген хабарлама тарап жатыр. Nofake.kz оның қаншалықты рас екенін анықтап көрді.

Мәселе неден туындады: sms-хабарлама кімнен келген?

Желіде қолданушының белгісіз қаржы ұйымынан sms-хабарлама келгені, онда оның кредит бойынша кепілгер болғаны туралы хабарланғаны жазылған.

Скриншот: әлеуметтік желіден

Сондай-ақ, аталған хабарламаны жолдаған микро-қаржылық ұйымның атауы да көрсетілген. Пост авторының айтуынша, мұндай күмәнді хабарлама өзі мен оның ортақ танысына келген. Автор хабарламадағы сілтемені ашпағанын, олардың алаяқ болуы мүмкін екенін алға тартқан.

Микроқаржы ұйымының лицензиясы бар ма: қайдан тексереміз?

Nofake.kz аталған қаржы ұйымының лицензиясы бар-жоқтығын тексеріп көрді. Осылайша, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне хабарласып көрдік. Ондағылар, бүгінде елімізде лицензиясы бар микроқаржы ұйымдарының арнайы бар екенін, олармен келесі сілтеме бойынша танысуға болатынын жеткізді: https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/documents/details/282950?lang=ru

Көргеніміздей аталған сілтеме бойынша өтіп, хабарлама жолдаған микроқаржы ұйымының атауын жазғанымызда, аталған тізілімнен оны таппадық. Сонымен, мұндай хабарлама жолдағандар алаяқтар болуы әбден мүмкін.

Алаяқтардың арбауына түспеу үшін не істеу керек: агенттіктен кеңес

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кибералаяқтардың құрбаны болмас үшін бірнеше қарапайым қауіпсіздік ережесін есте ұстауға кеңес береді.

Жеке деректеріңізді қорғаңыз. Жеке куәлік, банк картасы немесе басқа да маңызды құжаттардың көшірмелерін бөгде адамдарға жібермеңіз. Сондай-ақ мұндай құжаттардың фотосуреттерін әлеуметтік желілерде немесе ашық платформаларда жарияламаған дұрыс. Егер құжаттарыңызда жеке немесе қаржылық ақпарат болса, оларды сенімділігі расталмаған жасанды интеллект сервистеріне жүктемеңіз.

Аккаунттарыңыздың қауіпсіздігін күшейтіңіз. Барлық сервистер үшін күрделі әрі бірегей құпиясөз орнатыңыз және міндетті түрде екі факторлы аутентификацияны қосыңыз. SMS арқылы келетін кодтарды, құпиясөздерді немесе растау кодтарын ешкімге айтпаңыз.

Күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сақ болыңыз. Егер сізден ақша аударуды, жеке мәліметтерді немесе банк деректерін шұғыл түрде жіберуді талап етсе, асықпаңыз. Бейтаныс адамның айтуымен телефонға қандай да бір қосымша орнатпаңыз. Ал өзін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырған адамға сенбей, ұйымның ресми байланыс арналары арқылы өзіңіз хабарласып, ақпаратты нақтылаған жөн.

Құрылғыларыңызды үнемі бақылауда ұстаңыз. Банктік қосымшалардағы операцияларды, құрылғыңызға орнатылған бағдарламаларды және есептік жазбаларыңыздағы белсенділікті тұрақты түрде тексеріп отырыңыз.

Егер жеке деректеріңіз үшінші тұлғалардың қолына түсті деп күмәндансаңыз, құпиясөздеріңізді бірден өзгертіңіз, банк картасын немесе қашықтан банктік қызметтерді уақытша бұғаттаңыз, банкке хабарлаңыз. Қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына да жүгінген дұрыс.

Түйін

Әлеуметтік желіде тараған хабарламадағы микроқаржы ұйымы лицензиясы бар ұйымдар тізілімінен табылмады. Сондықтан мұндай SMS-хабарламалардың шынайылығына күмәнмен қарап, ондағы сілтемелерді ашпау қажет. Егер өзіңізді кредит бойынша кепілгер ретінде көрсеткені туралы хабарлама алсаңыз, ақпаратты міндетті түрде ресми дереккөздер арқылы тексеріп, күмәнді жағдайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензияланған ұйымдар тізілімін пайдаланыңыз немесе ұйымның ресми байланыс арналары арқылы нақтылаған жөн.

Оқу үшін