Интернет арқылы алаяқтық жасаған күдікті Албаниядан экстрадицияланды

Коллаж: Nofake.kz
Интернет арқылы ҰБТ-ға дайындау және жоғары оқу орындарына оқуға түсіру қызметін ұсынамын деп ондаған азаматты алдаған қазақстандық Албаниядан экстрадицияланды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросының қызметкерлері, Қазақстанның Албаниядағы Елшілігінің қолдауымен интернет-ресурстар арқылы бірнеше рет алаяқтық жасаған Қазақстан азаматын елге экстрадициялады.
Тергеу мәліметінше, 2022-2023 жылдары күдікті интернет-ресурстар арқылы жоғары сынып оқушыларын Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) дайындау және жоғары оқу орындарына кепілді түрде оқуға түсіру қызметтерін ұсынған. Ол бұл қызметтер туралы көрінеу жалған ақпарат таратып, азаматтардың сеніміне кірген.
Нәтижесінде 32 азамат жалпы сомасы 28 миллион теңгеден астам қаражатынан айырылған.
Қылмыс жасалғаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланды.
2025 жылдың мамыр айында ол Албания Республикасында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрау салуы негізінде елге экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Аталған қылмыс үшін заңнамаға сәйкес мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.


