NoFake

Алаяқтардың 100 млн қоңырауы бұғатталды — ІІМ дерегі

Фото: Nofake.kz

ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Бейбіт Біржанов ел бойынша былтырмен салыстырғанда интернет-алаяқтық 6%-ға азайғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Ведомство өкілінің айтуынша, бұған ІІМ тарапынан қолға алынған кешенді жұмыстар себеп болған.

«Кешенді іс-шаралардың нәтижесінде, 2025 жылдың аяғынан бастап бүгінгі таңда 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша интернет-алаяқтың фактілердің 6 пайыздан астамына азайғанын анықтадық. Бұл технологиялық тұрғыдағы, заңнамалық бастамалар және алдын-алу жұмыстары сияқты кешенді жұмыстың нәтижесі», — деді ол.

Одан бөлек, Бейбіт Біржанов киберқылмыспен күрес барысында антифрод орталықтардың да үлесі бар екенін жеткізді.

«Бұл ретте технологиялық тұрғыдан байланыс операторларымен бірлесіп, шетел мемлекеттерден, ҚР аумағында тіркелген қоңыраулар бұғатталады. Жүйенің іске қосылу сәтінен бастап 100 млн-нан астам қоңырау шалулар бұғатталды. Сонымен қоса, Ұлттық банк және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, антифрод жүйесі іске қосылды. Бұл 2025 жылдың қорытындысы бойынша азаматтардың 2,5 млрд-қа жуық қаражатты қайтаруға мүмкіндік берді», — деді ол.

Айта кетейік, Астанада өтіп жатқан киберқылмысқа қарсы форумда әділет вице-министрі цифрлық көмекшінің не екенін және оның қалай жұмыс істейтінін түсіндірген еді.

Оқу үшін