Интернет-алаяқтарға сенген ақтөбелік 2 млн теңге несиеден құтқарылды

Фото: Gov.kz
Ақтөбеде интернет-алаяқтардың ықпалына түскен әйел 2 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеп жатқан жерінен тоқтатылды, деп хабарлайды NoFake.kz.
«Ағымдағы жылдың мамыр айында екінші деңгейлі банктермен өзара іс-қимылдың нәтижесінде заңсыз банктік несиелерді рәсімдеу фактілерінің жолы кесілді», — деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, 4 мамыр күні Halyk Bank менеджері облыс прокуратурасына күмәнді клиент туралы хабар берген. Банк қызметкерлерінің айтуынша, әйел адам 2 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеп жатқан кезде күйзеліс жағдайында болған және өзін банк қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адаммен қатар хат алмасып отырған.
Хабарламаға прокуратура мен киберполиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, әйел адам полиция органдарына жеткізілген. Тексеру барысында оның интернет-алаяқтардың психологиялық ықпалында болғаны анықталған.


