Илон Масктың зымыраны Айға соғылды»: желідегі видео рас па

Коллаж УНИАН, фото Space X, Reuters
Әлеуметтік желілерде SpaceX зымыранының Айға соғылған сәті деген видео тарап жатыр. Видеода ғарыш нысаны Ай бетіне құлап, жарылыс болғаны көрсетіледі. Желі қолданушылары мұны шынайы кадр деп қабылдаған.
Шын мәнінде SpaceX зымыранының бір бөлігі Айға соғылған. Бұл оқиға 5 тамызда болды. Бірақ желіде тараған видео – фейк. Соқтығыс сәтін ғарыштан тікелей түсірген видео жоқ. Бұл туралы AFP Fact Check жазды. Жалған видео алғашында X желісінде тараған. Онда:
«SpaceX зымыраны Айға құлап, тереңдігі 30 метрлік кратер қалдырды», – деп жазылған.
Роликті Илон Маск та өз парақшасында бөліскен. Содан кейін видео X, Facebook, Instagram, Threads және TikTok желілеріне тарады. Кейін Маск роликтің фейк екенін мойындады.

Айға не құлады?
Falcon 9 – Илон Масктың SpaceX компаниясына тиесілі зымыран. Ол 2025 жылғы қаңтарда ғарышқа ұшырылған. Зымыран Айға қонуға арналған екі аппаратты ғарышқа жеткізген. Оның негізгі үдеткіш бөлігі кейін Жерге оралды. Ал жоғарғы сатысы ғарышта қалып қойды.
Уақыт өте оның қозғалыс бағыты өзгерген. Оған Күн белсенділігі мен тартылыс күші әсер еткен. Нәтижесінде зымыранның осы бөлігі Айға қарай бағыт алды. Ғалымдар оның Айға соғылатынын алдын ала білген.
5 тамызда Еуропалық оңтүстік обсерватория соқтығыс болғанын растады. Мамандар Ай бетіне Falcon 9 зымыранының жоғарғы сатысы құлағанын хабарлады. Лос-Аламос ұлттық зертханасының ғалымы Бенджамин Фернандо да бұл ақпаратты растаған.
«Соқтығыс шынымен болғанын растай аламын», – деді ол AFP-ке.
Соқтығыс болғаны қалай дәлелденді?
Ғалымдар соққыдан кейін пайда болған газ іздерін анықтады. Олар шамамен 5–10 минут байқалған. Бұдан бөлек, 6 тамызда Оңтүстік Кореяның аэроғарыш агенттігі Ай бетінің спутниктік суреттерін жариялады. Оларды Danuri атты Айды зерттейтін аппарат түсірген. Суреттерде Ай бетінің соқтығысқа дейінгі және кейінгі жағдайы көрсетілген. Өзгеріс анық байқалады. NASA да соқтығыс болған аумақты арнайы суретке түсіруді жоспарлаған. Яғни зымыран бөлшегінің Айға құлағаны рас. Бірақ оның соғылған сәтін ешбір ғарыш аппараты видеоға түсірмеген.

Онда желідегі видео қайдан шыққан?
Ролик жарияланғаннан бірнеше сағаттан кейін оны алғаш таратқан @Valuetainment аккаунты видеоның фейк екенін мойындады. Илон Маск та кейін осындай мәлімдеме жасады.
Видео авторлары оны жасанды интеллект жасағанын айтқан. Бірақ AFP мұны растай алмады.
AFP мамандары видеоны ЖИ контентін анықтайтын құралдармен тексерген. Сондай-ақ SynthID белгісін іздеген. Нақты дәлел табылмаған. Сондықтан видеоны «жасанды интеллект жасаған» деп нақты айтуға болмайды. Бірақ оның шынайы видео емес екені расталды.
Айға түрлі ғарыш нысандары жиі соғылады. Мысалы, метеороидтар түседі. Ал адам жасаған ғарыш аппараттарының Айға құлауы сирек кездеседі. Бұл жолғы оқиға Жерге қауіп төндірмеген.


