NoFake

Германияда кондиционерге тыйым салынған ба

Коллаж: NoFake.kz

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде және бірқатар ресейлік пабликтер мен басылымдарда Германияда кондиционер орнатуға тыйым салынғаны туралы ақпарат тарады.

Онда мұндай шешімнің экологиялық саясатқа байланысты қабылданғаны айтылады. NoFake.kz аталған ақпараттың рас-өтірігін анықтау үшін халықаралық БАҚ жарияланымдарына шолу жасады.

Euronews басылымының жазуынша, Еуропадағы рекордтық аптап ыстық кондиционер мәселесін саяси пікірталасқа айналдырған. Францияда саясаткерлер кондиционерді жаппай орнату қажет пе деген мәселеде екіге бөлінген. Сарапшылардың айтуынша, мәселе кондиционерді толық қолдау немесе оған қарсы шығуда емес, ғимараттарды ыстыққа бейімдеуде жатыр.

Басылым Париждегі Қоршаған орта және халықаралық даму зерттеу орталығының (CIRED) зерттеушісі Венсан Вигьенің сөзін келтіреді:

«Мәселе кондиционерде емес. Негізгі сұрақ – ғимараттарды аптап ыстыққа қалай бейімдеу керек»,- деп жазды басылым.

Сондай-ақ Euronews мәліметінше, Еуропада кондиционердің таралу деңгейі Солтүстік Америка мен Азияға қарағанда төмен. Қазір Еуропадағы үй шаруашылықтарының шамамен 19-20%-ында ғана кондиционер бар. Бұған тарихи тұрғыда жұмсақ климат, ғимараттардың ерекшелігі және электр энергиясының қымбат болуы сынды мәселелер себеп болған.

Ал Reuters агенттігі Еуропадағы рекордтық аптап ыстықтың аясында кондиционерлерге сұраныс күрт артқанын хабарлады. Германияда мамыр айында кондиционер сатылымы интернет-дүкендерде 37%-ға өскен. Сонымен қатар Франция, Испания және басқа елдерде де сатылым бірнеше есе көбейген. Бұл тұрғындардың салқындату жүйелеріне деген қажеттілігі артып келе жатқанын көрсетеді.

Reuters тағы бір материалында Еуропалық комиссияның кондиционерлерге тыйым енгізуді емес, керісінше оларды орнататын компанияларға құрылғылардың энергия тиімділігі туралы ақпаратты сатып алушыларға міндетті түрде жеткізуді ұсынғаны жазылған. Яғни жаңа ережелер кондиционерді пайдалануға шектеу қоймайды, тек тұтынушылардың энергия тиімділігі жөнінде хабардар болуын көздейді.

Көріп отырғандарыңыздай, әлемдік БАҚ жарияланымдары Германияда немесе Еуропалық одақта кондиционер орнатуға заң жүзінде тыйым салынғанын растамайды. Керісінше, рекордтық ыстықтың салдарынан кондиционерлерге сұраныс артып келеді, ал Еуропадағы пікірталас оларды тыйым салу төңірегінде емес, энергия тиімділігі мен климаттың өзгеруіне бейімделу жолдарына қатысты өрбіп отыр. Сондықтан әлеуметтік желіде тараған «Германияда кондиционерге тыйым салынды» деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

Оқу үшін