Еуропадағы аптап ыстыққа 5G-дің қатысы бар ма

Фото: Depositphotos
Еуропада рекордтық аптап ыстық тіркеліп жатқан тұста әлеуметтік желілерде жоғары температураның себебі 5G байланыс мұнаралары деген ақпарат қайта тарала бастады. Алайда сарапшылар ұялы байланыстың бесінші буыны климатқа да, ауа райына да ешқандай әсер етпейтінін мәлімдеді.
AFP Fact Check мәліметінше, 5G технологиясы ауа райы процестеріне әсер ете алмайды және аптап ыстықты туындатуға қабілетсіз. Индонезиядағы Телком университетінің электротехника факультетінің доценті Хойрул Анвардың айтуынша, 5G пайдаланатын радиотолқындардың қуаты атмосфераға әсер ету үшін тым әлсіз.
«5G Еуропадағыдай қалыптан тыс ыстыққа себеп бола алмайды. Бұл радиотолқындар теріні иондамайды және қоршаған ортаны қыздырмайды», – деді сарапшы.
Мамандардың түсіндіруінше, 5G желілерінде қолданылатын радиотолқындар иондаушы емес сәулелену түріне жатады. Олар тек құрылғылар мен базалық станциялар арасында дерек алмасуға арналған және атмосфера температурасын өзгертуге немесе ауа райы құбылыстарын қалыптастыруға жеткілікті энергияға ие емес.
Ал ғылыми қауымдастық соңғы жылдары жиілеген аптап ыстық толқындарын климаттың өзгеруімен байланыстырады. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) климаттық ақпарат бөлімінің жетекшісі Джон Кеннедидің айтуынша, мұндай экстремалды ауа райы құбылыстары климатологтардың бұрыннан жасаған болжамдарына сәйкес келеді.
«Мұндай аптап ыстық толқындары – климаттың өзгеруі жағдайында күтілетін құбылыс», – деді ДМҰ өкілі.
Оның сөзінше, соңғы 50 жылда Еуропадағы орташа температура шамамен екі градусқа көтерілген. Қазір бұл құрлық әлемдегі ең жылдам жылынатын өңірлердің бірі саналады.
Айта кетейік, бұл – 5G технологиясына қатысты алғаш тараған жалған ақпарат емес. Бұған дейін интернетте бесінші буын желілері COVID-19 індетін таратады, ауа райын басқарады немесе адам денсаулығына қауіпті әсер етеді деген негізсіз мәлімдемелер де кең тараған. Алайда мұндай ақпараттардың барлығы ғылыми зерттеулер мен халықаралық ұйымдардың қорытындылары арқылы бірнеше рет жоққа шығарылған.


