NoFake

Ерте піскен қарбыз бен қауын жеу қауіпті ме — маман жауабы

Фото: NoFake.kz

Мамырдың аяғында сатылымға шыққан қауын-қарбыз денсаулыққа қауіпті ме? Мамандар ерте піскен бақша өнімдері туралы мифке нүкте қойды, деп хабарлайды NoFake.kz.

Жаз десе, көз алдымызға бірден тілімденген тәтті қарбыз бен иісі аңқыған қауын келеді. Қазақстанда күн кештеу жылынатындықтан, негізгі маусым шілде мен тамыз айларына тұспа-тұс келеді. Десе де, жаз басталмай жатып сөрелерде қаптайтын ерте піскен қарбыздарға жұрттың күмәнмен қарайтыны жасырын емес. «Бұлар химиямен уланған, уақытынан бұрын егілген» деген қауіп көп.

Астана медицина университетінің СӨС орталығының жетекшісі Шахрух Нажимов бұл ойдың деңгейі біржақты қате екенін айтады.

«Қарбыздың немесе қауынның сөреде ерте пайда болуының өзі құрамында химиялық заттардың қауіпті мөлшері бар екендігін білдірмейтінін түсіну маңызды. Заманауи өсіру технологиялары, жылыжайларды қолдану және климаттық ерекшеліктер қауіпсіздік талаптарын бұзбай, өнімді ертерек алуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті сарапшы.

Дегенмен, маман өсімдікті тез өсіру үшін шынымен де азот сияқты тыңайтқыштардың қолданылатынын жасырмайды.

«Өсіру технологиясы бұзылған жағдайда, жемістерде нитраттардың шамадан тыс мөлшері жиналуы мүмкін. Алайда, ресми сауда желісіне түсетін өнімдер қауіпсіздік бақылауынан өтуі және белгіленген санитарлық нормаларға сәйкес келуі тиіс», — деп баса айтты Нажимов.

 Егер мұны білмейтін диқандар технологияны бұзса, қарбыз ішінде нитраттар шамадан тыс жиналып қалуы мүмкін. Бірақ үлкен дүкендер мен ресми базарларға түсетін өнімдер арнайы тексерістен өтеді.

Қарбыз таңдағанда нені ескеру керек?

  • Тек ресми орындардан алыңыз: Көше жиегінде, шаңның астында тұрған жерден қарағанда, рұқсаты бар базарлар мен супермаркеттер қауіпсіз.
  • Кесілген қарбызды сатып алмаңыз: Пышақ арқылы ішіне микробтар тез түседі.
  • Құжат сұраудан ұялмаңыз: Нитраттың бар-жоғын сыртқы түрінен білу мүмкін емес, сондықтан ең басты кепіл — сатушының тазалығы мен тауардың сертификаты.

Айта кетейік, еліміздегі ең тәтті әрі сапалы бақша өнімдері күн шуағы мол түсетін Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шымкентте өсіріледі.

 Ал ерте шыққан қарбыздан қорқудың қажеті жоқ. Қауіп оның ерте піскенінде емес, рұқсат етілмеген жерден, беймәлім сатушыдан сатып алуда жатыр.

Оқу үшін