Еңбек демалысындағы қызметкерді алмастырғаны үшін қосымша ақы төлене ме

Фото: pixabay.com
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек демалысына кеткен қызметкердің орнын алмастырушы адамға қосымша ақы төлене ме деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Nofake.kz порталы хабарлайды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті басқармасының басшысы Арайлым Ибраеваның айтуынша, Еңбек кодексінде бұған дейін мұндай талап болмаған.
«Бұған дейін ҚР «Еңбек кодексінде», өзге қызметкердің демалысқа кетуіне байланысты, оның орнына қызмет еткен адамға қосымша ақы төленбеуі тиіс деген норма болған еді. Мұндай норма қызметкердің лауазымдық нұсқаулығында жазылатын. Қазір бұл норма алынып тасталды. Осыған орай, жұмыс беруші уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін қоса атқарғаны (алмастырғаны) үшін қосымша ақы төлеуге міндетті», — деп түсіндірді ол.
Оның айтуынша, қосымша ақының мөлшері орындалатын жұмыстың көлеміне қарай тараптардың келісімі бойынша айқындалады.
«Аталған норма еңбекақының әділ төленуін қамтамасыз етуге және қызметкердің қосымша жұмысты тиісті ақысыз орындауына жол бермеуге бағытталған», — деді ол.
Сондай-ақ, ведомство өкілі егер жұмыс беруші қосымша ақы төлеуден бас тартса, еңбек инспекциясына хабарласу қажеттігін атап өтті.
«Жұмыс беруші қызметкерге қосымша жұмысты біржақты тәртіппен жүктей алмайды. Осыған байланысты, егер қызметкердің еңбек құқықтары бұзылса, ол өз құқықтарын қорғау үшін мемлекеттік еңбек инспекциясына жүгінуге құқылы», — деді ол.
Сондай-ақ спикер бұл процесс қалай рәсімделетінін түсіндірді.
«Қызметкердің уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін қоса атқарғаны (алмастырғаны) үшін төленетін қосымша ақы жұмыс берушінің актісімен ресімделеді, ал оның мөлшері тараптардың келісімі бойынша айқындалады. Қызметкердің келісімінсіз оған қосымша жұмыс жүктеуге жол берілмейді. Сондай-ақ, егер ұсынылған шарттар қызметкерді қанағаттандырмаса, ол мұндай жұмысты орындаудан бас тартуға құқылы», — деді ол.
Еңбек министрлігі жұмыс беруші еңбек заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті екенін айтады. Ал, еңбек заңнамасы бұзылған жағдайда, ол Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершілікке тартылады.
Айта кетейік, аталған түзетулер ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарының бастамасымен әзірленіп, енгізілген. Заң 2026 жылғы 8 маусымнан бастап күшіне енді.


