NoFake

Энергетика министрі жанармай контрабандасына қатысты мәлімдеме жасады

Фото: Depositphotos

Қазақстанда мұнай өндіру көлемі азайды. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жылдық жоспар мен жанармай контрабандасына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды NoFake.kz.

Қазақстанда 5 айдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі азайған. Өйткені Қарашығанақ кен орнында жұмыс уақытша тоқтатылған. Осыған байланысты ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ведомствоның жылдық мұнай өндіру жоспарын қалай түзеткенін және елдегі отын нарығының өзекті мәселелерін баяндады.

Бастапқы жоспар бойынша Қазақстанда мұнай өндіру деңгейі 101,5 миллион тонна деп есептелген болатын. Алайда Теңіз кен орнындағы оқиғалар мен Каспий Құбыр Консорциумындағы (КТК) іркілістерден кейін бұл көрсеткіш 96 миллион тоннаға дейін қысқартылды.

Дегенмен, министрлік серіктестермен бірлесіп жаңа шешім қабылдаған:

«Біз ОПЕК+ серіктестерімізбен бірлесе отырып, Қашаған кен орнындағы жоспарлы жөндеу жұмыстарын келесі жылға ауыстыру туралы шешім қабылдадық. Бұл қадам бізге қосымша 2 миллион тонна мұнай берді. Осылайша, жыл қорытындысы бойынша біз 98 миллион тонна шамасында мұнай өндіруді көздеп отырмыз», — деді Ерлан Ақкенженов.

Жақында Германияның Экономика және экономикалық даму министрінің Қазақстанға сапары аясында немістің «Шведт» (Schwedt) зауытына қазақстандық шикізатты жеткізу мәселесі талқыланбақшы. Қазақстан бұл зауытты мұнаймен қамтамасыз етуші негізгі елдердің бірі болғанымен, қазір қиындықтар бар.

Ресей Қазақстаннан жанармай сұрады ма
Журналистердің «Ресей тарапынан Қазақстанға отын жеткізу туралы бейресми өтініштер немесе сұраулар болды ма?» деген сұрағына министр нақты жауап берді.

«Біз ресми тұлғалармыз, мемлекеттік қызметшіміз. Сондықтан біз тек ресми өтініштермен ғана жұмыс істейміз, «бейресми» дегенді мен білмеймін. Егер Ресей Федерациясы тарапынан отын жеткізу бойынша ресми өтініш түсетін болса, Қазақстан бұл мәселені міндетті түрде қарастырады», — деді Энергетика министрі.

Бензин контрабандасы: Көрші елдердегі баға 800 теңгеге жетті

Әлеуметтік желілерде Қазақстан шекарасынан Ресейге жанар-жағармай материалдарын (ЖЖМ) жүк көліктерімен жасырын түрде алып өту әрекеттері жиі талқылануда. Энергетика министрі бұл «жасырын экспортты» үшінші жыл қатарынан көтеріліп келе жатқан өзекті проблема деп атады. Заңсыз тасымалданатын өнім көлемі жылына 100–200 мың тоннадан асып жығылуы мүмкін.

Ерлан Ақкенженов бұл мәселенің туындауына өңірдегі баға айырмашылығы себеп екенін нақты сандармен түсіндірді:

  • Өзбекстанда: Жанар-жағармай бағасы Қазақстанмен салыстырғанда 2 есе жоғары.
  • Ресейде: Кейбір аймақтарда бензин бағасы литріне 800 теңгеге дейін жетеді.
  • Қазақстанда: АИ-92 бензинінің ресми бағасы — 205–233 теңге.

«Мұндай үлкен баға айырмашылығы болғандықтан, кейбір пысық азаматтар біздің бензинді Ресей Федерациясына және өзге де көрші елдерге заңсыз тасу үшін барын салып жатыр. Қазақстан үшін басты қауіп — өнімнің сыртқа шығуында емес, біздегі бағаның тым төмендігінде болып тұр», — деді ведомство басшысы.

Оқу үшін