Елордада 60 млн теңгеге жалған қажылық сапарын сатқандар ұсталды

Фото: depositphotos
Астанада Мекке мен Мәдинаға қажылық сапарын ұйымдастырамыз деп 37 адамнан 60 млн теңге алған екі тұрғын сотталды. Олар Instagram желісінде жарнама жариялап, азаматтардан ақша жинаған, деп хабарлайды NoFake.kz.
«Қылмыскерлердің уәдесіне сенген қажылыққа барушы 37 азамат оларға жалпы көлемде 60 млн теңге ақша қаражатын тапсырған. Алған міндеттемелерін орындамай, жәбірленушілерден алынған ақша қаражаттарын өз қалауынша жұмсаған», – деп хабарлады прокуратура.
Тергеу дерегінше, екі тұрғын алдын ала сөз байласып, Instagram әлеуметтік желісінде Сауд Арабиясының Мекке және Мәдина қалаларына қажылық сапарын ұйымдастыру туралы жарнама орналастырған.
Сот олардың әрқайсысын төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сонымен қатар жәбірленушілердің келтірілген материалдық залалды өндіру туралы азаматтық талаптары толық қанағаттандырылды. Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Астана қаласының прокуратурасы азаматтарды қажылық сапарын ұйымдастыруға уәде беретін күмәнді тұлғаларға ақша аудармауға және мұндай қызметті таңдағанда сақ болуға шақырды.


