NoFake

Елімізде бірыңғай банкаралық QR-төлем жүйесі қашан іске қосылады

Фото: Национальный банк РК

Қазақстанда бірыңғай банкаралық QR-төлем жүйесі іске қосылады. Бұл жүйе клиенттің немесе сатушының қай банк клиенті болғанына қарамастан, тауарлар мен қызметтер үшін бірыңғай код арқылы төлем жасауға мүмкіндік береді.

Бұл туралы Сенаттың 18 маусымда өткен жалпы отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.

«19 шілдеден бастап қолма-қол ақшасыз төлемдерге арналған бірыңғай банкаралық QR-код жүйесі жұмыс істейді», — деп атап өтті Сүлейменов.

Жаңа жүйе қызмет көрсетуші банкке қарамастан, бірыңғай QR-кодтың көмегімен тауарлар мен қызметтер ақысын төлеуге жағдай жасайды.

Сондай-ақ, Сүлейменов жүйені іске қосудың құқықтық негізі Парламенттің қолдауымен 2026 жылғы 1 мамырда қалыптасқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, реформалар аясында цифрлық қаржы құралдарын дамытудың институционалдық базасы құрылған.

Бұдан бөлек, реттеуші орталықтың базасында Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі қазірдің өзінде цифрлық қаржылық активтер саласында 30-дан астам пилоттық жобаны жүзеге асырып жатыр.

Айта кетейік, біз бұған дейін бизнеске банк аударымы арқылы төлем жасауға тыйым салынғаны жайлы ақпараттың жалған екені туралы жазған болатынбыз.

Оқу үшін