«Электр есептегішін ауыстырамыз»: ақмолалықтың атына 3 млн теңге несие рәсімделген

Фото: depositphotos
Зеренді ауданының тұрғыны интернет-алаяқтардың ең кең таралған схемаларының бірінің құрбаны болды. Әйел өз атына бірнеше миллион теңге несие рәсімделгенін бірнеше айдан кейін ғана — банк қызметкерлері қарызды өтеуді талап етіп хабарласқан кезде білген
«Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, биыл наурыз айында ақмолалық әйелге өзін электр есептегіштерін ауыстыру қызметінің мамандары ретінде таныстырған белгісіз адамдар қоңырау шалған. Өтінім рәсімдеу сылтауымен алаяқтар әйелді SMS арқылы келген кодты айтуға көндірген.
Осыдан кейін көп ұзамай оған өзін банк қауіпсіздік қызметінің және құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырған адамдар хабарласа бастаған»,-делінген хабарламада.
Осыдан кейін алаяқтар белгісіз біреулер оның атына несие рәсімдеуге тырысып жатқанын айтып, «алаяқтықтың алдын алу үшін» шұғыл түрде қарсы несие өтінімдерін беру қажет екенін жеткізген.
Алаяқтардың нұсқауын орындаған әйел верификациядан өтіп, бірнеше несие рәсімдеген. Кейін банкомат арқылы ақшаны көрсетілген шоттарға аударған.
Өзін осылайша алаяқтардан қорғадым деп ойлаған тұрғын ештеңеден күдіктенбеген. Тек мамыр айында банктерден ай сайынғы төлемдерді төлеу қажеттігі туралы қоңыраулар түскеннен кейін ғана мемлекеттік органдарға жүгінген. Сол кезде оның атына жалпы сомасы шамамен 3 миллион теңгеге төрт несие рәсімделгені белгілі болған. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.


