NoFake

Экстремистер адамдарды психологиялық қысымға қалай түсіреді

Экстремистер адамдарды психологиялық қысымға қалай түсіреді

Фото: Sabraorg.com

Экстремистік идеяларды таратушылар адамдардың сеніміне кіріп, олардың қорқынышы мен жеке қиындықтарын өз мақсаттарына пайдалануы мүмкін. Қызылорда облысы бойынша Терроризмге қарсы комиссия аппараты радикалды топтардың психологиялық ықпал ету тәсілдерін түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Мамандардың мәліметінше, экстремистік топтар адамды өз ықпалына тарту үшін бірден қорқыту немесе мәжбүрлеу әдісін қолданбауы мүмкін. Көбіне мұндай әрекеттер сенім орнатудан, қолдау көрсетуден және адамның эмоциялық жағдайына әсер етуден басталады.

Әсіресе жалғыздық, қаржылық қиындық, отбасындағы мәселелер немесе әділетсіздік сезімі адамның психологиялық осалдығын күшейтуі мүмкін. Осындай кезеңде өзін түсінетін орта іздеген адам манипуляцияға тап болуы ықтимал.

«Манипуляция кейде жағымды қарым-қатынастан басталады. «Сізді түсінемін“ «Сізге көмектесемін», «Сізді ешкім біз сияқты түсінбейді“»деген сөздер адамның сеніміне жол ашуы мүмкін. Шынайы қолдау адамның таңдау еркіндігін құрметтейді. Ал манипуляция адамның сезімін пайдаланып, оны белгілі бір шешімге бағыттауға тырысады», – делінген комиссия аппаратының ақпаратында.

Экстремистер қандай психологиялық тәсілдерді қолданады?

Мамандар радикалды идеяларды таратушылар қолдануы мүмкін бірнеше манипуляциялық әдісті атап өтті. Олардың қатарында адамның сеніміне тез кіру, қорқыныш пен кінә сезімін қалыптастыру, өзін өзгелерден ерекше сезіндіру және жақын адамдарынан алыстату бар.

Мысалы, «Біз ғана дұрыс жолдамыз», «Басқа ақпараттың бәрі жалған», «Тек біздің айтқанымызға сеніңіз» деген сөздер арқылы адамның өзге пікірлерді қабылдау мүмкіндігі шектелуі ықтимал.

Сондай-ақ манипуляция кезінде адамды асықтыру, ойлануға уақыт бермеу және бастапқыда қарапайым болып көрінетін талаптарды біртіндеп күшейту тәсілдері қолданылуы мүмкін.

«Адамның отбасынан, достарынан және қалыпты әлеуметтік ортасынан біртіндеп алыстауы – назар аударуды қажет ететін белгі. Егер белгілі бір орта жақын адамдармен қарым-қатынасты тоқтатуға, басқа пікірлерді тыңдамауға немесе тек өз ортасының ақпаратын қабылдауға шақырса, мұндай жағдайға бейжай қарамаған жөн», – деп ескертеді мамандар.

Әлеуметтік желідегі манипуляцияны қалай тануға болады?

Комиссия аппаратының мәліметінше, радикалды идеяларды тарату үшін әлеуметтік желілер де пайдаланылуы мүмкін. Қысқа бейнероликтер, эмоциялық мәтіндер, жалған ақпарат пен контекстен үзіп алынған мәлімдемелер адамның көзқарасына ықпал ету құралына айналуы ықтимал.

Мамандар әсіресе қорқыныш, ашу немесе реніш тудыратын ақпаратқа сыни көзқараспен қарауға кеңес береді. Мұндай мәліметтердің бастапқы дереккөзін анықтап, басқа сенімді ақпарат көздерімен салыстыру маңызды.

Сонымен қатар жақын адамның мінез-құлқындағы күрт өзгерістерге, бұрынғы достарынан алыстауына, өзге пікірлерді мүлдем қабылдамауына және белгілі бір топқа шамадан тыс тәуелді болуына назар аудару ұсынылады. Дегенмен мұндай белгілердің біреуі ғана адамның экстремистік ықпалға түскенін білдірмейді. Олардың жиынтығы мен адамның күнделікті өміріндегі өзгерістерді ескеру қажет.

Жақын адамға қалай көмектесуге болады?

Мамандар мұндай жағдайда адамды бірден айыптау, қорқыту немесе онымен қатаң дауласу кері әсер етуі мүмкін екенін айтады. Оның орнына сабырлы сөйлесу, пікірін тыңдау, ашық сұрақтар қою және сенімді қарым-қатынасты сақтау ұсынылады. Қажет болған жағдайда психологқа, дінтанушыға немесе басқа тиісті мамандарға жүгінуге болады.

Оқу үшін