Экс-депутат Азат Перуашевқа қатысты кибершабуыл: ІІМ түсініктеме берді

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
ҚР ІІМ орынбасары Санжар Әділов экс-депутат Азат Перуашевке қатысты кибершабуыл туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Оның айтуынша, қазіргі таңда аталған фактке байланысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталған.
«28 қыркүйек күні аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмысы басталды. Сондай-ақ, қылмыстық іс қозғалды. Көрінеу жалған ақпарат тарату дерегі бойынша, қазір киберқылмысқа қарсы департаментпен күдіктілерді анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деді ол.
Одан бөлек, Санжар Әділов арнайы сот және қосымша сараптамалар тағайындалғанын мәлімдеді.
«Тергеу жүргізіліп жатыр, қосымша ақпаратты хабарлайтын боламыз», — деді ол.
Айта кетейік, Мәжілістің бұрынғы депутаты Азат Перуашев бұған дейін «Ақ жол» партиясы мен оның әлеуметтік желідегі аккаунттарына жасалған жаппай ақпараттық кибер шабуылдар туралы мәлімдеген еді.


