Дипфейк пен жалған ақпарат қоғамға үлкен қауіп төндіреді — Президент

Фото: Aqorda
Мемлекет басшысы журналистердің жалған ақпарат таратуға қарсы күресте атқаратын рөліне тоқталды, деп хабарлайды Nofake.kz.
Бұл туралы ол бүгін Ақордада журналистермен кездесуі барысында мәлімдеді.
«Заманауи технологиялар цифрлық алаңда алауыздықты әдейі ушықтыратын «ботофермалардың» пайда болуына түрткі болды. Көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату, адамды қаралау, өтірікті шындай соғатын қауіпті құбылыс қалыптасты. Оны қазір дипфейк деп атайды. Яғни объективті фактілер эмоцияның көлеңкесінде қалып, қасақана арандатушылық туғызады», — деді ол.
Мемлекет басшысы қоғамның ынтымақ-бірлігіне сына қағып, мемлекеттік институттардың атына кір келтіру үшін жасанды интеллект құралдары қолданылатынын атап өтті. Ол танымал тұлғалардың жасанды цифрлық бейнелерін түпнұсқадан ажырату мүмкін еместігін жеткізді.
«Мұндай технологияларды түрлі алаяқтар мен деструктивті күштер белсенді пайдаланады. Сондықтан медиа саласының қызметкерлері жауапкершілік танытып, мемлекеттің аталған гибридті, аса қауіпті қатерлерге төтеп беруіне атсалысуға тиіс. Осы орайда сіздердің еңбектеріңіз орасан», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанда БАҚ қызметіне қажетті жағдай жасалғанын айтты.
«Елімізде пікір алуандығы мен сөз еркіндігі бар, ал цензураға заң жүзінде тыйым салынған. Алайда, сөз бостандығы дегеніміз жүгенсіздікке және тәртіпсіздікке жол беру деген сөз емес. Сондықтан қоғамдық пікірді өздерінің теріс пиғылына пайдаланып, медиа саласында айласын асырғысы келетіндер мына бір қарапайым қағиданы жадында ұстауы қажет: бірде-бір адам шексіз құқық иесі емес», — деп түсіндірді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, өз сөзінде өз құқыңды білу және сақтау өзгенің құқын бұзу немесе ар-ожданын таптау деген сөз емес екенін атап өтті.
«Алдымызда адамдар жалған ақпараттың жетегінде кетпей, күрішті күрмектен ажыратуы үшін медиасауаттылықты барынша арттыру міндеті тұр. Қоғам қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін жасанды интеллект технологиясының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет, соның ішінде кез келген заңсыз ақпаратты жедел анықтау және бұғаттау жұмысын қолға алу өте маңызды», — деді ол.
Мемлекет басшысы заң мен тәртіпке бағынатын ел ретінде құқықтық нигилизмге, әсірешілдікке, яғни, радикализмге және халқымыздың болмысына жат құндылықтарды насихаттау ісіне түбегейлі тосқауыл қажеттігін атап өтті. Президент бұл ретте оның – өте маңызды міндет екенін жеткізді.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада БАҚ өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтады.


