БҚО-да астықты қазақстандық өнім етіп көрсету үшін жалған шарттар жасалған

Фото: depositphotos
Батыс Қазақстан облысында импортталған астықты отандық өнім ретінде көрсету үшін шаруа қожалықтарымен жалған шарттар жасалған. Қаржылық мониторинг агенттігі астықтың «сұр импортына» қатысты схеманың жолы кесілгенін хабарлады.
ҚМА мәліметінше, шетелден әкелінген астық кейін Қазақстанда өндірілген өнім ретінде Өзбекстан, Ауғанстан және Тәжікстанға экспортталған.
«Тергеу мәліметтері бойынша, Қазақстан аумағы арқылы жалпы құны 11,2 млрд теңге болатын шамамен 130 мың тонна астық экспортталған. Жеткізілімдер Өзбекстанға, Ауғанстанға және Тәжікстанға жүзеге асырылған», – деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.
Тергеу дерегінше, схеманы жүзеге асыру үшін алдымен жалған басшылардың атына коммерциялық ұйымдар тіркелген. Кейін бұл компаниялар мен қазақстандық шаруа қожалықтары арасында астық сатып алу туралы жалған шарттар рәсімделген.
Осының нәтижесінде импортталған астық құжат жүзінде Қазақстанда өндірілген өнім ретінде көрсетілген.
«Осылайша астыққа Қазақстанда өндірілген өнім түрі беріліп, оны тасымалдау кезінде жеңілдетілген тариф қолданылған», – деп түсіндірді ҚМА.
Агенттік мәліметінше, схемаға «Bakery Nan», «KazGrano», «Perfect Seed», «Weizen» және «Golden Grain Kazakhstan» ЖШС-лары пайдаланылған. Транзиттік тарифтің төленбеуі салдарынан «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС-не 1 млрд теңгеден астам залал келтірілген.
Сонымен қатар тергеу нұсқасы бойынша, күдіктілер салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алудан және кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтару үшін экспорттаушы компаниялардың шоттарынан үлестес ұйымдарға ақша аударып, кейін банкроттық туралы талап арыз берген.
ҚМА бұл әрекеттерден мемлекет мүддесіне 1,2 млрд теңге залал келгенін хабарлады.
Іс бойынша бес адам күдікті деп танылды. Сотқа дейінгі тергеу аяқталып, процеске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысуға кірісті.


